ШЫМКЕНТТЕ 12 МЫҢНАН АСТАМ СТУДЕНТ БОЛАШАҚТАРЫНА АЛАҢДАУЛЫ

Шымкентте 12 мыңнан астам студент болашақтарына алаңдаулы. Олар оқып жүрген Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті жақында сот үкімімен лицензиясынан айырылып қалған. Енді ондағы білім алушылар басқа университеттерге бара алмай әлек. Бұған не себеп?

Осы жылы Халықтар достығы университетінің 1-курс студенті атанған Мәдина Шырынбектің қуанышы ұзаққа бармады. Өйткені, өзі қалап оқуға түскен білім ордасының жағдайы не болары белгісіз. Ал, басқа университетке ауысайын десең, бағасы қымбат, — дейді ол.

Мәдина Шырынбек – 1-курс студенті
Білім министрі сендердің төлемдерің басқа университетке барғанда толық сақталады деген. Алайда басқа оқу орнына барып сұрасам, сақталмайды деді. Екі есе қымбат.  

Мұндағы кейбір факультеттер басқа білім ордаларының көбінде жоқ. Сондай-ақ, университетте әртүрлі жеңілдіктермен келісім шартқа тұрып, оқу ақысын төлеп жатқандар да жетерлік. Оларды басқа оқу орындарындағы басқа ереже алаңдатады.

Мырзалы Абдулла – 3-курс  студенті

Мен мұнда жеңілдікпен оқимын. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Басқа университетте оқуға жағдайым да жоқ.

Министрліктің тексеру тобы университет жұмысында 40 түрлі кемшілік анықтаған көрінеді. Оны жоюға 5 ай уақыт бергенімен кейбірі мүлдем түзелмеген. Университетті лицензиядан айырған себеп осы екен. Дегенмен, мекеме басшылығы мұнымен келіспейді.  Олар аудандық соттың лицензияны қайтарып алу туралы шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірген.

Айгүл Көпешова – Халықтар достығы университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры

Оқу процесі бойынша ешқандай кемшіліктер жоқ және студенттердің жұмысқа орналасуы 50 проценттен асады. Бізде ешқандай кемшіліктер жоқ болғандықтан ол шешіммен келіспейміз. 

Мұндағы 13 мыңға жуық студенттің 6 мыңдайы бұрын жабылып қалған өзге оқу орнынан өткен жылы ғана ауысып келгендер. Енді олардың тағдыры келесі сот шешімінен кейін белгілі болмақ.

Перизат Ортай