Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста сыбайлас жемқорлыққа төтеп береміз

 Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Жемқорлық-мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оған осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас-жемқорлық-бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді. Себебі бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады. Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Қоғамдағы көкейтесті мәселе болып, өзекжарды проблемаға айналып отырған сыбайлас жемқорлық — ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал, біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз — қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы» дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сондықтан да, қоғам қарсы болса, жай емес, тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз.

Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу — жалпыға ортақ міндет.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әрқашан Елбасының назарында. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан онымен күрес жүргізу — жалпы ұлттық міндет», — деген болатын.

Оның жарқын мысалы, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауда сыбайлас жемқорлық мәселесіне тағы бір мәрте ден қойылып, бұл дертпен күрестің жалғасатындығы баса айтылды.

Бұл елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, онымен күресу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға жаңа дем берді.

Одан бөлек «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізі болып табылады. Осы стратегияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені жұртшылықтың қатысуымен жүргізілуі қажеттігі айтылған. Мемлекет пен қоғам тығыз қарым-қатынаста болғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төтеп бере аламыз.

       Ашықтық пен әділдікке негізделген азаматтық қоғам құру — қазіргі күннің басты талабы. Осыған бастайтын бір жол — жемқорлықты түп-тамырымен жою. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маңызды бағыттың бірін «Сыбайлас жемқорлықты жою» деп белгіледі.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігн тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бірге қарсы жұмыс істеуіміз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз.

Шымкент қаласы әкімі

аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі  М.Акишев