ШЫМКЕНТ: АБАЙ АУДАНЫНДА ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДАН ТҮСКЕН АРЫЗ-ШАҒЫМ БОЙЫНША ТИІСТІ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тұрмыс деңгейін арттыру, оларға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.

Осыған орай Жолдауды халық арасында насихаттау және аудан аумағында атқарылған жұмыстар жөнінде Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті. 

– Аудан аппаратына 9 ай ішінде жеке және заңды тұлғалардан 341 арыз-шағым түсіп, оның 124-і қанағаттандырылған, 119-ы  жазбаша түсіндіріліп,  ал 76-сы құзырлы мекемеге жолданған. Жалпы, арыз-шағымдардың 70 пайызға жуығы елді мекендердің инфрақұрылымы: жол, ауыз су және жарық  мәселелері. Аталған бағыттарда салалық басқармалармен тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді Бұхарбай Рысқұлұлы. 

Спикердің сөзінше, 2020 жылы ауданның инфрақұрылымын және кәсіпкерлік бағытын дамытуда жалпы 29,3 млрд теңге (13,9 млрд теңгесі 2021 жылға өтпелі) көлемінде инвестиция тартылған. Ал қаланың жаңа статусқа ие болуына байланысты жеке тұлғалардың мүлік, жер салықтары есебінен түсімдердің өсу қарқыны 235%-ды құрап, 138,0 млн теңгеге артқан.  

Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысынан Абай ауданы аумағына қосылған 37 мың тұрғыны бар 10 елді мекеннің инфрақұрылымдық мәселелерін шешу жұмыстары атқарылуда.  

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы