АЗАМАТТЫҚ ФОРУМ: ШЫМКЕНТТЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Бұл туралы Шымкент қаласында «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты II Азаматтық форумында Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева мәлім етті.

Бану Ғаниқызы өз сөзінде қоғамдық ұйымдардың ішінде туризм бағытын дамытуға қатысты жобалардың жоқтығын алға тартты.

– Шұғылалы Шымкентте ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Шымкенттік гастро-тур, жылы ауа райы, табиғатта демалу, қаланың жайлы алаңдары мен саябақтары, қонақжай және ақкөңіл тұрғындары үшінші мегаполисте туризмді дамытуға тамаша серпін берері сөзсіз, — деді форумға Елордадан арнайы келген Б.Нұрғазиева.

Айта кетейік, Шымкент қаласында ұйымдастырылған II Азаматтық форум аясында семинарлар, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, сұрақ-жауап, министрліктер мен ведомстволардың өкілдерімен салалық кездесулер өтуде.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы