ШЫМКЕНТ: ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРМЕН БАРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕ БІРІГІП ЖҰМЫС ІСТЕУІ КЕРЕК

Бұл туралы Шымкент қаласында «Қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты II Азаматтық форумында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтты.

– Құрметті форумға қатысушылар! Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бүгінгі форумның ашылу рәсімінде азаматтық сектордың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдармен бір басқарма емес, барлық мемлекеттік мекеме жұмыс істеуі керек. Сонда ғана үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік саясатқа ықпалы қалыптасады. Осы орайда біз саяси қызметші ретінде мемлекеттік ереженің сақталуын қамтамасыз етіп, ал қоғамның түйткілді мәселесін шешу жөнінде сіздерден кеңес сұрауымыз керек. Айтайын дегенім – мемлекеттің көп функциясын үкіметтік емес ұйымдар атқаруы тиіс. Ол үшін бізге ҮЕҰ жұмысын кәсіп емес, миссиям деп қарайтын тұлғалар қажет. Яғни ҮЕҰ мүшелері бір мәселемен айналысып, нақты нәтижеге жетіп, сол саланың сарапшысы болуы шарт, – деді Шыңғыс Мұқан.

Шыңғыс Жұмабекұлының сөзінше, қалада 800-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Бірақ бәрі белсенді емес. Оның ішінде 33-і «Қазақстанның азаматтық альянсымен» тығыз қарым-қатынаста. Сол себепті қала әкімінің бірінші орынбасары ҮЕҰ өкілдеріне «Азаматтық альянс» үлкен платформа екенін атап өтіп, олармен тығыз жұмыс істеуге шақырды.

Айта кетейік, форумға ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Бану Нұрғазиева, Шымкент қаласы Мәслихатының хатшылығы және «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен Шымкент қаласының ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы