Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы әуе кеңістігіндегі терроризм актісінің қатерін жою немесе жолын кесу мақсатында қолданады.
Егер әуе кемесі жердегі басқару пункттерінің Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларын бұзуды тоқтату туралы радиокомандаларына және (немесе) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің оны жолдан ұстап қалуға көтерілген ұшу аппараттарының радиокомандалары мен көрінетін белгілеріне ден қоймаса не себебін түсіндірмей, радиокомандаларға және көрінетін белгілерге бағынудан бас тартса, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы осы әуе кемесін қонуға мәжбүрлеу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.
Егер әуе кемесі қону туралы талаптарға бағынбаса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, қару мен жауынгерлік техника аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданылады.
Егер әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану туралы немесе әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса және бұл ретте қалыптасқан мән-жайлардан туындайтын, оны қондыру үшін қажетті барлық шаралар таусылса және адамдардың қаза табуының не техногендік апат туындауының нақты қаупі төнсе, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қару мен жауынгерлік техниканы аталған әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қолданады.