ШЫМКЕНТ ҚАЛА ӘКІМІ ЖОЛДАУҒА ОРАЙ ОРЫНБАСАРЛАРЫНА ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауын іске асыру жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің актив мәжілісі өтті. Жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Жолдаудағы басым бағыттар мен нақты атқарылатын жұмыстарды атап берді. Мұрат Дүйсенбекұлы жаңа жағдайдағы экономикалық даму, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау, білім және денсаулық саласындағы мәселелерді атап, бірқатар орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді.Шымкент қаласын Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу орталығына айналдыруға барлық мүмкіндіктер бар. Түркістан және Жамбыл облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін Шымкентте өңдеп, ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға сұранып тұр. – Қалада мамандарды дайындайтын оқу орындары жетеді. Транспорттық-логистикалық желі дамыған. Төрт жолдың торабында отырмыз. Сондықтан, Агроиндустриялық аймақты қалыптастыру жұмыстарын жеделдету керек. Орынбасарым Сәттібаев Айбек Берікұлына Өңдеу өнеркәсібі және Ауыл шаруашылығын дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.Сондай-ақ,  халықтың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдыққа ие. Нарықтың жағдайында әр азаматтың баспаналы болуы тікелей өзіне байланысты. Десе де, мемлекет тұрғын үй құрылысын тікелей қолдап отыр. Шымкентте 1 миллион шаршы метрді құрайтын 262 көпқабатты үй салынып жатыр. (Оның 126-сы жекеменшік коммерциялық жоба, барлығы 6 147 пәтер) Қазір Шымкент қаласында 40 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Биыл оның ішінде 976 адам баспаналы болады. Қала әкімі халықты баспанамен қамту бойынша Бауыржан Мамыталиевке тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтудың  5 жылдық жоспарын  әзірлеуді тапсырды. – Жалпы, Шымкент мегаполис болған соң, табиғи өсім мен миграцияны ескерер болсақ, тұрғын үйге деген сұраныс ешқашан төмендемейді.  Мемлекеттік билік халық саны мен тұрғын үй құрылысының қарқынын ұштастыруға тиіс. Орынбасарым Бауыржан Жаймұрзынұлы кредиттік тұрғын үйлер көлемін арттыру, тұрғын үйдің өзіндік құнын азайту, арендалық төлемдерді бюджеттен субсидиялау мүмкіндіктерін қарастырсын, – деді қала әкімі.  Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы