Жиын-терім науқаны басталды әзірге қанша өнім жиналды?

Жаз мезгілі аяқталып, күз де келіп жетті. Шаруалар мен диқандар үшін бұл, әдетте, қарбалас тірліктің басталғанын білдіретін шақ. Дегенмен күнгей аймақ болғандықтан, қаламыздың іргесіндегі егістік алқаптарында жиын-терім жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен. Ендігісі – қара күзге дейін егіс басындағы өнімді шашпай-төкпей жинап алу.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, мегаполистің 62,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның егістікке жарамдысы – 39,5 мың гектар. Биыл соның 27,9 мың гектары игерілді. Бұдан бөлек 11,7 гектар өнеркәсіптік жылыжайлар іске қосылды. Олар – «Таза өнім», «Арман агро», «Колесников А.В.» шаруа қожалықтарының нысандары. Нәтижесінде қалада жылыжайлардың жалпы көлемі 182,4 гектарға жетті. Биыл жарты жылда олардан 4 мың тонна өнім жиналған.
Күзгі дала жұмыстары мен жиын-терімге 1000 тонна жанар-жағармай бөлініп, шаруалардың өтінішіне қарай оның 190,6 тоннасы таратылып берілді. Қалғанын шаруалар күзгі жиын-терім аяқталғанша алып үлгереді. Солярканың бір литрінің құны 161 теңге болып бекітілді. Ал жанар-жағармайды таратушы оператор міндеті «Мұнай Инвест Груп» ЖШС-не жүктелді. Шаруалар дала жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін қолда бар техникаларын іске қосты. Ресми мәліметке сәйкес, жиын-терім науқанына 725 трактор, 35 комбайн қатысуда.
Биыл егілген егістік алқаптарынан 36737 тонна өнім жиналды. Олар – 14,2 мың тонна дәнді дақыл, 2,4 мың тонна картоп, 12,6 мың тонна көкөніс, бақша, сондай-ақ, 1 мың тонна майлы және 6,5 мың тонна мал азығы дақылдары. Күзгі жиын-терім қара күзге дейін жалғасады.

706


Бидайдың әр гектарынан биыл 11,8 центнерден, арпадан – 8, сұлы – 7, дәнді жүгері – 27, күнбағыс – 6,8, мақсары 7 центнерден жиналып, картоп 121 центнерден айналды. Сонымен бірге көкөніс пен бақшада түсімділік гектарына – 105, сүрлемдік жүгеріде – 27, жоңышқада 9 центнерді құрады.
Бүгінгі таңда ұзындығы 241 шақырымнан асатын 27 канал коммуналды меншікте. Солардың айналасында 11 мың гектар суармалы жер бар. Өз кезегінде Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы ағын судың жетіспеушілігі мәселесіне баса назар аударып отыр. Мәселен, биыл Сайрамсу каналы арқылы бар-жоғы секундына 2 текше метр ғана су берілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге төмен. Осыған байланысты басқарма тарапынан қазіргі таңда мәселені шешудің жолдары жан-жақты қарастырылуда.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті