«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында «Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасының сараптамалық талқылауы өтті.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасының жобасын жетілдіру үшін еліміздің озық ойлы сарапшыларының басын қосып, қоғамдық талқылау өткізді.
Сарапшылармен бірлесіп дайындалған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының бұл жобасында демография, денсаулық, білім беру, қоғамдық-саяси ахуал және әлеуметтік-экономикалық ортаның маңызды мәселелері көтерілген.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, бүгінде Ұлттық баяндама «Жастар» ҒЗО-ның брендіне айналған. Нақты айтқанда, бұл зерттеулерге мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан бастап, басқа да қоғамдық институттар сүйенеді.
«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен дайындалған «Қазақстан жастары — 2020» Ұлттық баяндамасы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының негізгі құжаты саналады. Яғни, жастар арасындағы өзекті процестерді болжау, мемлекеттік жастар саясатын қазіргі заман саясатына бейімдеу және жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық процестеріне қатысуын арттыру мәселерін қарастырады. Жалпы, «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы сегізінші жыл дайындалып келеді. Осы аралықта қазақстандық жастарды дамытудың түрлі өзекті мәселелері қамтылды. Бұл жастар өмірінің негізгі бағыттары мен жағдайын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Данияр Есин.
Ұлттық баяндама жастардың демографиялық сипаттамалары, жастардың денсаулығы, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен бос уақыты, жастар өміріндегі білім мен ғылым, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазіргі жастардың құндылық бағдарлары мен мүдделері, қоғамдық-саяси процестердегі жастар, жастар ортасындағы қылмыс және жастар саясаты сияқты негізгі 8 негізгі тармақты қамтиды.
«Ұлттық баяндама жобасын жасауда сарапшылар ұсынған ұсыныстар мен тұжырымдарға ерекше назар аударылды. Сараптамалық талқылаудың негізгі мақсаты – Ұлттық баяндаманың маңыздылығын арттырып, сапасын жақсарту. Өйткені, бірінші кезекте, ұлттық баяндама тек аналитикалық құжат қана емес, сонымен қатар, қолданбалы құжат болғанын қалаймыз» — деді өз кезегінде Аян Сакошев.
Ұлттық баяндама биыл желтоқсанда жарияланады деп күтілуде.
Айта кетейік, 2013 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі Ұлттық баяндамалар “Жастар” ғылыми-зерттеу орталығының eljastary.kz ресми интернет-ресурсында қолжетімді.
Фото: pixabay.com