МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ КҮШЕЙДІ

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қазіргі таңда әлем назарын өзіне аударған қауіпті және өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелері бойынша заң қабылданып, жүзеге асырылуда. Осыдан кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі күшейтілді.

Заңда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтарға, материалдық сыйақыға және қызмет көрсетуге толық тыйым салынған.

Заң бойынша мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері хабардар етілмей, олардың шотына келіп түскен ақша, заң талаптарын бұза отырып алған қаражат олар анықталғаннан кейін екі аптадан аспайтын мерзімде тиісті мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсу мән-жайлары туралы түсініктеме бере отырып, республикалық бюджетке аударуы қажет. Немесе сыйлықты өзіне қалдырғысы келген жағдайда, сыйлықты мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға берген адам жоғары тұрған лауазымды адамды хабардар ете отырып, оны «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құны бойынша, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен жасалатын сатып алу-сату шарты негізінде сатып алуға құқылы.

Заңға сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, лауазымды адамдар өздерiнiң жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары атқаратын лауазымдарға тiкелей бағынысты болатын лауазымдарды атқара алмайды, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) және (немесе) жекжаттары тікелей бағынысында бола алмайды.

Заңда дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпаратқа ие адам бұл туралы жоғары тұрған басшыға және мемлекеттік органның не өзі қызметкері болып табылатын ұйымның басшылығына немесе уәкілетті мемлекеттік органдарға хабар беруі туралы айқындалған. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы келіп түскен хабар бойынша жоғары тұрған басшы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылдауға міндетті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың заңдарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың мемлекеттік міндеттерді атқаратын лауазымды тұлғалары мен басқа да адамдардың сыбайлас жемқорлыққа байланысын, құқық бұзушылықтың түрлерін, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгілейді.

Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаты қоғамда сыбайлас жемқорлықты жою, қоғам мен адамзаттың игілігі үшін ғасырдың індетіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күресуге атсалысып, аянбай, аяусыз күрес жүргізуге тиістіміз.

Шымкент қаласы әкімі

аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі  М.Акишев