Сыбайлас жемқорлық агенттік жанындағы «Adaldyq alańy» жобасы аясында бағаны көтеру фактілерін болдырмау мақсатында еліміздің дәріханаларында ақпараттық брошюралар орналастырылады.
Оларда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетіледі.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін дәрілердің шекті құнын регламенттейтін нормативтік құқықтық актіге және уәкілетті органның Call-орталықтарының нөмірлеріне сілтемелер QR-кодқа орнатылған.
Бұл бастама дәріханалардың сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруінің тежеуші факторы болып табылады.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, арнайы мониторингтік топтар мен «Adaldyq alańy» жобалық кеңселерінің өкілдерімен бірлесіп 4500-ге жуық дәріхана, 300 медициналық бұйымдар қоймасы, 380 аурухана мен емхананың қызметіне мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде негізгі бөлігі дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруге байланысты 280-нен астам бұзушылық анықталған.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша материалдар Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілген.
Нәтижесінде 66 әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұл сомасы – 10 млн теңгені құраған.