ЖАСТАР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасаттылық қағидаттарын дамытудың және ведомство қызметі туралы халықты хабардар етудің жаңа тәсілдерін қарастыруда.

Агенттік өскелең ұрпақ арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және парасаттылық қағидаттарын түсіндіру бойынша әртүрлі форматты іс-шаралар, адалдық сағаттары, әділдік алаңдары, парасаттылық дәрістерін өткізу қолға алынған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгін Рубик кубиктерінен ұлы Абайдың портретін жасағаннан кейін кеңінен танымал болған елордалық жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттері Тынысбек Бөпіштай мен Қанат Ахметрасул арнайы тақтаға Агенттіктің логотипі мен 1424 Сall-орталығының нөмірі көрсетілген суретті салды.

Олардың кәсіби деңгейде орындалған шығармалары – Рубик кубикінен жасалған Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Жақсылық Үшкемпіровтің портреттеріне жұртшылық тәнті болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке арналған ұзындығы 1,6 метр, ені 1,1 метр ақпараттық полотноны жас дарынды жігіттер 2 сағат ішінде жинады.

Т.Бөпіштай қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмысқа қатысуды өзінің азаматтық парызы деп санайтынын атап өтті.

Ол сондай-ақ өз құрдастары мен барлық отандастарын парасатты болуға және сыбайлас жемқорлықсыз Қазақстанды бірге құруға шақырды.