«Kzhol Shymkent» оңалту орталығында балаларға арналған жеделсаты орнатылды

Шымкенттегі «Kzhol Shymkent» оңалту орталығында балаларға арналған жеделсаты орнатылды. Бұл жаңалық демеушілердің көмегімен іске асырылып отыр.

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының жанынан ашылған орталық облыстық балалар ауруханасының ғимаратында орналасқан. Ғимаратының жертөлесі 2018 жылы қор құрылтайшыларының қаржысына күрделі жөнделіп, балаларды оңалту ісіне қосымша жай ретінде берілген болатын.

Дегенмен, уақыт өте келе жеделсаты қажеттігі де туындады. Себебі, сал дертіне шалдыққан балалардың көбісінің жүріп-тұруы қиын. Сондықтан, «Қасиетті жол» қорына осы мақсатта «Бәйтерек» холдингі демеушілік көрсетіп, қаржы бөледі. Ғимараттың ерекшеліктерін ескере отырып, «Kzhol Shymkent» оңалту орталығына арнайы жеделсаты жасай алатын компания да табыла кетті.

Еліміздегі карантинге байланысты ғимаратты жөндеу процесі айтарлықтай бәсеңдеді, қазіргі таңда оңалту процесі онлайн жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, пандемияға байланысты барлық шектеулер жойылғаннан кейін орталық балаларды жаңартылған форматта қабылдай алады.

«Қасиетті жол» қайырымдылық қорының президенті Гүлмира Абельдинованың айтуынша, қор жүйке-ортопедиялық дерті бар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға ақысыз оңалту қызметін көрсетеді.

«Қасиетті жол» – жомарт және көмекке мұқтаж жандардың арасындағы көпір іспеттес. Сапалы оңалту қызметін көрсетіп, балапандарға үміт сыйлап келе жатқан 9 жыл ішінде қорға көмек көрсететін жандар азайған емес. Бұл да қордың өміршеңдігінің бір белесі. Осылайша әр баланың жеңісінде, алғашқы қадамдарда қор мамандарының төккен тері мен қайырымды жандардың үлесі бар.

Ал қор басшылары балалардың қажеттілігіне немқұрайлы қарамаған «Бәйтерек» холдингіне алғыс айтады.

Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында сал дертіне шалдыққан 5000-астам бала тіркелген. Бұл еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш болып отыр. «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры «Kzhol Shymkent» оңалту орталығын сол балаларды емдеу мақсатында 2017 жылы ашты.

Мұнда жылына 600-ге жуық бала денсаулығын оңалта алады.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті