2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізіледі

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн екендігін, 2021 жылдан бас­тап мемлекеттік қызметшілердің, де­пу­таттардың, судьялардың шетел банк­терінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қа­тыс­ты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керек екендігін атап өткен болатын.

Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекс­ке өзгерістер енгізу керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мер­зімінен бұрын босату шарасы қол­данылмайды. Жемқорлықпен ұсталған­дардың мемлекеттік қызметте және ква­зимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар­ды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалып­тас­тыруымыз қажет.

-Адам құқын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау өте маңызды. Мен үшін бұл мәселенің мәні зор, — деді Президент.