ҚҰРБАНДЫҚ ҚАЙ УАҚЫТТА ШАЛЫНАДЫ?

         Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі. Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкіршілік білдіреді, бай мен кедейге кеңшілік жасалады.

Құрбандыққа шалу уақыты айт намазы оқылатын жерлерде айт намазынан кейін, айт намазы оқылмайтын ауылдарда таң атқаннан соң басталып, айттың үшінші күні күн бастқанға дейін жалғасады.

Ол бойынша мынадай Үкім бар:

  1. Қалалық жерде тұратын адам құрбандығын шалу үшін оны айт намазы оқылмайтын бір ауылға жіберсе және құрбандық сол ауылда таң атқаннан кейін шалынса, дұрыс болады. Өйткені құрбандық иесінің тұратын жері емес, құрбандық шалынатын жер есепке алынады.
  2. Қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады.
  3. Бір күнді айт күні деп есептеп, адамдар сол күні айт намазын оқыса және құрбандық шалса, сосын оның арапа күні екені анықталса, оқыған намазы және шалған құрбандығы дұрыс болады[3]. Ал құрбан айт күнінің келмегенін біле тұра шалған құрбандығы жәй садақа болып қалады. Қазақ дәстүріндегі шектік рәсімі осыған тура келеді.
  4. Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал деп хабарлайды ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімі.