ҚАЛА ӘКІМІ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРМЕН КЕЗДЕСТІ

Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов «Royal Group LLC» дистрибьюторлық компаниясының техникалық директоры Хан Умармен кездесті. Кездесу барысында Шымкент қаласына инвестиция тарту жайы сөз болды. Мұрат Дүйсенбекұлы алпауыт компанияның қаланың туристік жобаларына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіре отырып, оның мүмкіндіктері турасында толығырақ тоқталды.

Шымкент қаласы «Ескі қаланың тарихи-мәдени объектілері кешені» ТОП-50 туристік дестинациялардың тізіміне енгізілген. Яғни біздің қалаға туристердің үлкен ағыны болады деп күтілуде.

Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент дайын инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның экономикалық дамыған қалаларының бірі.

Бұл 2200 жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Қазақстанның ең көне қаласы.

Бүгінгі күні қала арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Бұдан басқа, қала Орталық Азия елдерінде инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстар тартудың жаңа орталығына айналуы үшін зор әлеуетке ие екенін баса айтып өтті.

Сондай-ақ, қала басшысы кездесуде «Royal Group» компаниясының қонақ үй бизнесін басқаруда көп жылдық тәжірибесін ескере отырып, шетелдік инвестор ретінде Шымкенттің туризм саласын дамытуда өз үлестерін қосуға шақырды.

Перизат Ортай