Шырайлы Шымкенттен – шынарлы Душанбеге!

Санаулы күндерден кейін «Шымкент 2020 – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы» жылы салтанатты түрде жабылатын болады. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы осынау тарихи іс-шараның тікелей эфирде онлайн өтетінін бұған дейін хабарлаған еді. Басқарма сол желіде көрсетілетін кей картиналарды алдын ала түсіріп, эфирге сақадай-сай отыр. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолы Шымкенттен түлеп ұшқан, өзіміздің отандық танымал эстрада әншілері – «Жігіттер» тобы, Бауыржан Исаев, «Мұзарт» тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Нұржамал Үсенбаева, Алтынай Жорабаева секілді өнер жұлдыздары концерт-фильмде Шымшаһар жайлы ән шырқайтын болады.

Көмекейі бүлкілдеген әншілермен біз түсірілім алаңында жүздесіп, аз-кем әңгіме тарқатқан едік. Олардың қай-қайсысы да Шымқаланы ерекше жылы мекенге балайды. Қазақилық пен қонақжайлылықтың ордасы санайды. Шымкентке қатысты естелігімен бөліскен «Жігіттер» тобының мүшесі Айдар Байжанов: «Мен үшін бұл жер естелікке толы қала. Қазіргі «Қырғы базардың» маңы бұрын «Көл» базары болатын. Сонда анам ет сататын. Мен соған көмектесетінмін. Өзім де сол базарда 10 жасымнан бастап ет, тұз сатып, саудамен айналыстым. Мектепті тәмамдаған соң мейрамханаға әнші боп орналастым. Содан жігіттермен оқуға М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ға түстік. Жалынды жастығымыз осы берекелі, мерекелі қалада өтті. Әркімге өзінің туған жері ыстық. Мысалы қазір басқа қалаларда қар жауып, қыстың ызғары біліне бастаса, Шымкентте күн әлі шұғыласын шашып тұр», — деді.
Ал «Өмір түгіл өзімді де білмеймін…» деп әндететін әнші, Бауыржан Исаев Ескі шаһарда дүниеге келген екен. Облыстық «Арай», республикалық «Жас қанат», «Азия дауысы» байқауларының жеңімпазы Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектепте оқып, 9-сыныптан кейін Музыкалық саз колледжінде білім алыпты.
– Балалығым да, жастығым да осы жерде өтті. Өнердегі алғашқы баспалдақтарым мен әр түрлі деңгейдегі байқауларға тұсауымды кескен қалам бұл. 1996 жылы «Азия дауысына» қатысу үшін Алматыға аттанғанша бүткіл жеңістерімнің тілекшісі болған мекенді бағым деп білемін, — дейді эстрада әншісі. Ол «Көне Шымкент» қалашығының қазіргі келбетін көріп, таңданысын жасыра алмады. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасына қарасты Тәуелсіздік сарайында жұмыс істейтін әнші жерлесіміз «Шымқала мегаполис болғалы одан сайын құлпырып кетіпті» деген қуаныш сезімін де білдірді.

 DSC0194
 DSC0614

УАҚЫТ КЕРУЕНІНЕН ҚҰР ҚАЛМАЙЫҚ!

Салтанатты жабылу рәсіміне орай қала тұрғындарының ыстық ықыласын келесі мәдени астана Душанбе қаласына жеткізетін «Уақыт керуені» көшке қосылды. Қала көшелерінен 14-22 қараша аралығында «Шымкентке 2200 жыл» атты қоржын салынған қаз-қатар түйелерді көрсеңіз, таңғалып жүрмеңіз. «Уақыт керуенінің» алғашқы шарасы Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябақтан бастау алды.
Іс-шараға қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан игі бастамаға сәттілік тіледі.
– Бұл тойдың жөні бөлек. Жиынға келген барлық қатысушылар арман-тілектерін қағазға жазып, оны керуен қоржынына салды. «Уақыт керуені» қала көшелерін аралап, халықтың ыстық ықыласы толтырылған қоржынымен 22 қараша күні сағат 18.00-де «Ескі қалашықтың» «Цитадель» қақпасына келіп тоқтайды. Сонымен қатар, керуен қоржыны қаламыздың тарихын айшықтайтын 2200 кітап, Шымкент қаласының символына айналған 2200 қызғалдақ көшеті және 2200 тұмар халықтың тілегіне толтырылып, Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласына аттанады, — деді Шыңғыс Мұқан.
Айтпақшы, Шымкент пен Душанбенің ұқсас тұстары көп. Бұл қалаларды «ежелгі және мәңгі жас», «бақ қалалар» деп атайды. Ал екі шаһардың шырайына ортақ нышандардың бірі – шынар ағашы дер едік (жақында Шымкентте осы ағаштың 2200 түбі отырғызылды). Душанбе мен Шымкенттің тарихын аты аңызға айналған Ұлы Жібек жолы байланыстырады. Сол сауда керуенімен мұнда көпестер мен саудагерлер, қолөнершілер мен қышшылар, шаруалар, діни уағыздаушылар, Самарқанд, Бұхара, Ходженттен дервиштер келгенін тарихымыздан білуге болады.
Егер сіз ерекше керуенді әлі жолықтырмаған болсаңыз, қаламыздың өнер ордаларына барып, керуен қоржынына салар тілегіңізді жазып әрі қойылым тамашалап қайтсаңыз болады.

QR-код арқылы анықтама беретін ағаштар

«Уақыт керуені» бастау алғаннан іс-шараның соңы «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясындағы «EcoSana» сенбілік акциясына жалғасты. Қатысушылар дендрологиялық саябақ ішіне тал егіп, акцияға қолдау көрсетті.
«ECOSANA» акциясы – қоршаған ортаның ластануына жол бермей, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, жастардың экологиялық білімін арттыра отырып, мәдениеттілігін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба.
Бұл жолғы «Ecosana» сенбілігінің ерекшелігі – дендросаябаққа смартталған, QR-код арқылы анықтама беретін ағаш көшеттері отырғызылды.
«Ecosana» сенбілігіне белгілі әнші Заттыбек Көпбосынұлы да белсене қатысты. Сенбілікке қатысушылар ағаш туралы ақпарат беретін көшеттер отырғызып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығына ерекше мән берді.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті