ЦИТАДЕЛЬ — ШАҺАРДЫҢ 2200 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫНЫҢ АЙҒАҒЫ

Шымкенттегі Цитадель шаһардың 2200 жылдық тарихының айғағы. Қазіргі таңда бой көтеріп жатқан Ескі қалашық туристік брендке айналуы тиіс. Себебі, бұл аймақ көне Ұлы жібек жолы керуенінің тоғысқан жері. Талай сырды қойнына басып жатқан қалашықтың орнына тұрғызылған қамалдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда бұдан бөлек, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ботакөз Мамытбекова қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері. Тәжірибелі маман мекемедегі балалар бөліміне жауапты. Бүгін көне шаһарды өз көзімен көрген ол өскелең ұрпаққа айтар өсиетім артты дейді. Қала тарихын тек кітаптан оқумен шектелмей, бір сәт өткенге саяхат жасағандай күй кешті.

Ботакөз  Мамытбекова — «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері

Тарихы терең көне қамалдың құрылысы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Дәл осы жерде 2003-2004 жылдары археологтар зерттеу жүргізіп, құнды жәдігерлер табылған болатын. Мамандар көне  бұйымдарды  Париждегі зерттеу орталығына жіберген. Соның нәтижесінде шаһардың 2200 жылдығы дәлелденген болатын.

Бауыржан Байтанаев-Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры

Бүгінде Цитадель төбешігінде қызу құрылыс жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, тарихи нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Көне қалашық толық салынып бітсе, қала тұрғындары мен туристердің сүйікті орнына айналады деп күтілуде.

Д.Өмірзақова