ШЫМКЕНТ: ҚҰТҚАРУШЫЛАР НАУҚАС АДАМҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Ер адамға көмек керектігі туралы хабарлама 19 қарашада сағат 09.55-те Шымкент қаласы ТЖД «112» құтқару қызметіне келіп түскен.

Құтқару бөлімшесі оқиға орнына келіп, Ғ.Иляев көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын 1946 жылы туған қарт ер адамның пәтердің ішінде қамалып қалғанын анықтады.

Құтқарушыларды зардап шеккен адамның қызы шақырған. Оның айтуынша, әкесінде қан қысымы жоғары болған, ол ұзақ уақыт бойы қоңыраулар мен есікті қаққанға жауап бермеген. Арнайы құралдарды қолдана отырып, құтқарушылар пәтердің есігін ашып, еденде жатқан қарт адамды диванға ауыстырып жатқызды. Келген жедел жәрдем бригадасы зардап шегушіні қарап шықты, содан кейін құтқарушылармен бірге оны жедел жәрдем көлігіне жеткізді.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы