Сыбайлас жемқорлық мейлінше жиі туындайтын салаларда реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттары өзгертіледі

Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пан­демияның зардабы осы салаға ауыр тиді.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында реттеушілік саясаттың негізгі қағи­дат­­­тарын өзгерту қажеттілігі, мемлекеттік рет­­­теу­ге азаматтардың денсаулығын жә­не эко­логияны қорғау үшін ғана жол бері­летіні көрсетілді.

Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мей­лінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қыз­меті, санитарлық-эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Ша­ғын және орта бизнестің қызметін рет­тейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырамын — деді Мемлекет басшысы.

Заң бойынша да, тәжірибе жүзінде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенін, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкіндігін ескерген жөн.

Тексеру жүргізуге тыйым салған үш жылдық мораторий осындай реттеу жүйесін жаңадан енгізуге жол ашады.

Ел Президентінің сөзінше, мемлекеттік құры­лымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекет­ке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретін­де ба­ғалануы керек.

Осы бағытта, Шымкентте кәсіпкерлікті жан-жақты қорғауды қамтамасыз етіп, аталған салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырған “Protecting Business and Investments”, яғни «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы  бірқатар заңсыздықтың алдын алуға ықпал еткен.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаевтың айтуынша, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ағымдағы жылдың өзінде бизнесті қорғау шеңберінде 20-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызмтетіне заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.