Шымкент қаласының білім саласында жемқорлықты жоятын жобалар сәтті жүзеге асырылуда

Еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру жолындағы ең басты қауіп-қатерлерінің бірі сыбайлас жемқорлық екені баршамызға белгілі.

Сондықтан да оны болдырмау, алдын-алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Онымен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналған.

Шымкент қаласының білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тудыратын өзекті мәселелердің алдын-алу және оны болдырмау аясында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева және Шымкент қаласы бойынша арнайы мониторинг топтың мүшесі Әсет Әссанди Шымкент қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында тікелей эфирде сұхбат берді.

Осы уақытқа дейін білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін автоматтандырды. Нәтижесінде, балабақшаларға жолдама алу және ауыстыру мәселесі шешілді. Бір кездері бұл мәселеде сыбайлас жемқорлық қауіптерінің бірі болғаны белгілі.

Шымкент қаласының әкімдігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірлесе отырып, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру жоспарын іске асырудың арнайы жол картасын дайындап, жүзеге асыруда.

Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары «Адалдық алаңы» жобасы аясында 100% бірінші қабатқа көшірілді.

2020-2021 жаңа оқу жылының қыркүйегіне дейін ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «Open Space» ашық бөлмелерін ашу жоспарлануда.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру үшін 7–9 сынып оқушыларында 77 260 баланы қамтыған «Адал Ұрпақ» клубы ашылған.

Колледж деңгейінде академиялық адалдық пен олардың қызметінің қағидасын нығайтуға бағытталған «Саналы Ұрпақ» жобасы жүзеге асырылуда. Беделді қоғам құру үшін қаланың барлық мектептері мен колледждерінде сатушылары жоқ «Адалдық дүкені» ашылып, жұмыс жүргізуде.