Шымкент қаласында дәріні заңсыз, қымбат бағада сату фактісі бойынша қала тұрғыны ұсталды

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, сұранысқа ие препараттарды пайда табу үшін жоғары бағамен сатушыларды анықтау мақсатында тексеру жүргізген.

Іс-шара барысында дәріні заңсыз, қымбат бағада сату фактісі бойынша қала тұрғыны ұсталды. Ол «Меропенем» дәрісін 13 мың теңгеден, 20 данасын, жалпы сомасы 260 мың теңгеге сату кезінде құрықталды.

Шымкент қаласына шет елдерден жұқпалы ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер келіп түсуде. Одан бөлек Қытай және Катар мемлекеттерінен гуманитарлық көмек ретінде келген медициналық заттар «СК Фармация» қоймаларына келуде. Департамент пен жұмысшы топ ол заттарды есептеп, ауруханалар мен дәріханаларға жеткізілуін қамтамасыз етуде.

Қазіргі таңда Департамент басшылығы Жұмысшы топпен бірлесе  100-ден аса дәріханалар мен 4  қоймаларға мониторинг жүргізген.