Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабы тәртібінде қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсынуды қарау шеңберінде онлайн кездесу өтті.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали және оның орынбасарлары Т.Серікбаев, Б.Ұзынжас, қалалық Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары А.Үмбетәлиев және жеке құрам қатысты.
Онлайн шара барысында аталған Департаменттің жедел уәкіліне қатысты қылмыстық істің мән-жайы қаралды. Онда қалалық Экономикалық тергеу департаментінің қызметшісі дүкенде жалған есепке алу-бақылау маркасы жабыстырылған алкогольді өнімдер сатумен айналысатын ақпарат бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін заңсыз сыйақы алды деп күдіктелетіндігі айтылды.
Кездесуде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің мән-жайлары мен себептері талқыланып, алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында қызметшілер арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, ұсынуда көрсетілген заңбұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайлардың туындауына кінәлі лауазымды тұлғаларды және олардың тікелей басшыларының тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.
Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтарға сәйкес, басшыларға бағынышты қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауына жол бермеу міндеті енгізілгендігі хабарланды.
Қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшылығы парасаттылық қағидаттарын – адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтарды ұжымда сақтауға шақырды.
Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болсаңыздар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығына хабарласа аласыздар. Осы нөмірге қоңырау шалу арқылы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болады.