ШЫМКЕНТТЕ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН ІС-ШАРАЛАР ӨТЕДІ

Биылғы жылы әлемнің көптеген елдері Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде.ТМД мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру аясында онлайн режимінде өткізілетін іс-шаралар жоспарына сәйкес «Шымкент 2020 — ТМД-ның мәдени астанасы» жылы аясында 10-30 тамыз аралығында Достастық елдері арасында қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай сөзі» онлайн оқулары өтеді.

ТМД елдерінің қатысушылары Абай шығармаларын өз тілінде немесе қазақ тілінде оқиды. 10 тамыздан бастап Абай күніне орай  Шымкент қаласының мәдениет және өнер мекемелерінде онлайн форматта іс-шаралар ұйымдастырылады.

Атап айтқанда, қалалық кітапханаларда «Әлем таныған ұлы Абай», «Абай даналығы – халық мұрасы», «Елім — жерім деп, бар ғұмырын паш еткен Ұлы тұлға», «Абайдың сөзі –қазақтың бойтұмары» атты онлайн кітап оқу, әдеби сазды кештер мен виртуалды кітап көрмелері, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Абайды қалай таныдым?!»  атты танымдық тәрбие сағаты ұйымдастырылады.

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры «Ұлы Абайға — 175 жыл, Абай бейнесі» «Парасат» орденінің иегері, Қазақcтанның еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісұлымен онлайн-эфирін, қалалық орыс драма театры «Абай жолы» онлайн-бағдарламасын, қалалық өзбек драма театры М.Әуезовтің «Абай» онлайн-драмасын, қалалық опера және балет театры «Абай арманы» онлайн-концертін, қалалық әзіл және сатира театры «Жүрегім нені сезесің?!» атты  поэтикалық-драмалық қойылымын, қалалық қуыршақ және жасөспірім театры «Дара тұлға» онлайн-поэтикалық драмасын, Шымкент-циркі «X-BAND» джаз оркестрінің онлайн-концертін Instagram және Facebook парақшалары мен Youtube арнасындағы өз көрермендеріне ұсынады. 

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі