«Шаһид» ұғымын дін атын жамылып, террористік актілерді жасап жүрген содырларға балау қате пікір

Елін қорғап, жан тапсырған жау-жүрек батырларды, ілім іздеу, Отан қорғау жолында қаза тапқан жандарды қазақ халқы «шейіт» немесе «шаһид» деп атаған. Яғни «шаһид» ұғымын дін атын жамылып, террористік актілерді жасап жүрген содырларға балау қате пікір.

Мұндай жаңсақ түсініктер әлем қауымдастығын исламофобиялық күйге салуды көздейтін ақпарат құралдары арқылы таралған.

«Шаһид» сөзі – араб тіліндегі «шаһада», яғни куәгерлік ету етістігінен шыққан ұғым. Исламда бұл ұғым ең алдымен сот үрдісіндегі куәгерге қатысты айтылады. Арабшада «исташһада» – хабарды, айғақты растау үшін куәгерлікті талап ету мағынаны береді. Ал бір нәрсеге қолжеткізу жолында «истишһад етті» деген түсінік «сол мақсатқа жету үшін өмірін жұмсады» дегенді білдіреді. Сондай-ақ «шаһид» атауы Жаратушыны ұлықтаумен дінін, Отанын, ар-намысын және отбасысын қорғау жолында қайтыс болған адамға қатысты қолданылады.

Ал бүгінгі жалған діни ұйымдардың атынан өзін-өзі өлтіру — шаһидтік емес, керісінше ауыр күнә – қылмыс.

Ендеше, «шаһид» деп, жарылғыш белбеуін тағынып, өзінің және айналасындағы бейкүнә жандардың өміріне қастандық жасаушыны емес, ағартушылық және Отан қорғау жолында көз жұмған тұлғаларды есептеген жөн.

«Дін саласындағы өзекті тақырыптарға арналған 20 сұрақ пен жауап» кітапшасынан