Исламдағы жиһадтың мәні мен мазмұны

Ислам дініндегі жиһад мәселесі – қазіргі кезде жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. Жиһадтың мән-мағынасын түсінбеген көптеген азаматтар радикалды идеологиядағы ағымдар насихатының құрбаны болуда. Жиһад–араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бірмақсатқа жету үшін күш-жігерін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз.

Ал шариғаттағы мағынасы – ақиқат үшін күресу, исламға шақыру, ислам дінінің туын жоғары көтеру, дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу.Ислам дінінде «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше рет қайталанып келгенімен, тек төрт жерде ғана «соғысу» мағынасын білдіреді. Оның өзінде «жиһад» сөзі кәпірлерге қарсы қырып-жою әрекетін жасауды немесе бейбіт халықты қырғынға ұшыратуды, мал-мүлкін олжалауды білдірмейді. Керісінше, жиһад жаудың қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және дінді қорғау мақсатында жасалады.

Сол себепті ислам ғалымдары жиһадты парыз еткен аятқа сәйкес жағдайда туындағанда, өзге дін өкілі болса да қару көтермеген төмендегі топтағы адамдарды өлтіруден тыйған:

1. Зимми (мұсылман елінде тұратын өзге дін өкілдері). Мұхаммед пайғамбардың хадисінде бұл жайлы: «Кімде-кім бір зиммиға қиыншылық көрсететін болса, мен ол адамның дұшпанымын. Ал мен кімнің дұшпаны болсам, онымен ақырет күні жеке есептесемін», -делінген.

2. Муаһид (соғыспауға келісім шарт түзілген одақтастар). Әбу Дәуіт риуаятында: «Пайғамбарымыз Һудайбия жерінде Құрайыштармен он жылға келісімге отырған», -делінеді. Қазіргі таңда елімізбен бейбітшілік келісімге қол қойған көрші елдердің жағдайы осы секілді.

3. Мустаман (біреудің жеріне мұсылман не өзге дін өкілі болсын амандық мақсатында кіргендер). Ол жайлы Құранда былай дейді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) егер мүшріктердің біреуі сенен баспана тілесе, қашан ол Алла сөзін тыңдағанша баспана бер. Сонан соң (иман келтірмесе) оны тыныш бір жерге жеткізіп сал. Олар ештеңені білмейтіндер, мұны сол үшін істе» («Тәубе» сүресі 6-аят). Біздің елімізге шетелден келген саяхатшылардың үкімі осыған сәйкес келеді.

4. Қолында қаруы жоқ бейбіт тұрғындар. Бұл жайлы хадисте былай баяндалады: Мұхаммед пайғамбар соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасады: «…Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер» (Ахмад, Әбу Дәуіт риуаяты).

5. Өз бетімен жүрген, ешкімге зияны жоқ бейкүнәадамдар. Исламда жиһадтың екі түрі бар.

Біріншісі – рухани жиһад, яғни нәпсімен күрес. Екіншісі –материалдық (мадди) жиһад.

Мадди жиһад дегеніміз – мұсылманның әлсізге қорған болу және жаудың зұлымдығын тоқтату мақсатында жан-тәнімен, мал-мүлкімен дінін, отанын, отбасын жаудан қорғауы. Жиһадтың бұл түрі –парыз. Оны көпшілік ғалымдар (ханафи, мәлики, шафиғи, ханбали т.б.) екі түрге бөліп қарастырады: 1. Парыз айн(әрбір мұсылманға тікелей жүктеліп, орындауы міндетті болған істер). Егер жау елге қарсы соғыс ашқан жағдайда, мемлекет басшысы отанды қорғауға шақырса, әрбір мұсылман дінін, отанын, жанын, бостандығын қорғауы тиіс. Ол жайында Құранда: «(Әй, мүміндер!) Жеңіл жағдайда да, ауыр жағдайда да, мал-жандарыңды аямай, Алла жолында күресіңдер. (Жас бол,кәрі бол, жаяу немесе көлікті бол, жағдайларың қолайлы, қолайсыз болсын, ерікті-еріксіз болыңдар, бәрібір күресіңдер) Осыларың сендер үшін хайырлы, егер білген болсаңдар» («Тәубә сүресі», 41-аят) делінген.

2. Парыз кифая(әрбір мұсылманға тікелей жүктелмеген, жалпылама міндеттелген істер). Мұны кейбір мұсылмандар орындаған жағдайда өзгелер бұл жауапкершіліктен құтылады. Егер ешкім орындамаса, барлық мұсылмандар кінәлі болады. Яғни дұшпанға қарсы мемлекет басшысының арнайы дайындаған әскері болса, солардың қызмет етуі арқылы басқа мұсылмандардың мойнынан соғысу міндеті түседі. Оған дәлел ретінде Құранда мынадай аят келтірілген: «Онымен қатар мүміндердің біртұтас жауға аттанулары тиісті емес. Сонда әр топтан дін ғылымын үйреніп, олар қайтып келгенде; олардыңсақсынулары үшін ескертулері керек емес пе?»

40 («Тәубе сүресі», 122-аят). Бұл аяттан барлық уақытта бірдей жиһадтың «парыз айн» бола бермейтінін аңғаруға болады.Пайғамбардың өзі соғыстарға барғанда кейбір адамдарды өзімен бірге алмай, тастап кететін кездері болған. Әскерлерді қолбасшыға тапсырып, пайғамбардың өзі де, сахабалар да соғысқа бармаған оқиғалар да бар.

Жиһадтың дұрыс болу шарттары мынадай:

1. Имамның (мемлекет басшысының) болуы әрі рұқсаты болуы тиіс. Шариғатта имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Имамға (мемлекет басшысына) бой ұсыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаған жағдайда. Ол жайлы Құранда: «Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) делінген. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте пайғамбар былай дейді: «Жиһад әрбір жақсы болсын немесе жаман болсын, басшымен бірге болуы тиіс» (Әбу Дәуіт риуаяты).

2.Мақсаты айқын болу. Яғни дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорғанболу және дінін қорғау мақсатында болуы тиіс. Әйтпесе шектен шығушылық болады. 3.Дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты әрі анық болу. Егер осы шарттар орындалмаса, онда бұл іс шариғаттағы жиһад шеңберіне кірмейді, керісінше бұзақылық пен қиянатшылдыққа жатады. Құранда: «Алламен және оның пайғамбарымен алысқандардың, жер бетінде бұзақылық жасағандардың жазасы –оларды өлтіру немесе дарға асу, әйтпесе, оң қолы мен сол аяғын кесу, сүргінге айдау болмақ. Бұл оларды дүниеде, масқара ететін жаза болса, Қияметте одан да зор азапқа душар етеді» («Мәида», сүресі 33-аят).Мұхаммед пайғамбар: «Мұсылманды сөгу –пасықтық, ал оны өлтіру –күпірлік»(Мүслім риуаяты) десе, «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», -деген. Сол кезде қасында тұрған сахабалар: «О,Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» — дегенде, Мұхаммед пайғамбар: «Ол да оны өлтіргісі келген еді», -деді (Бұхари, Мүслім риуаяты). Қазіргітаңдағы дін атын жамылып жалған «жиһад» жариялап, бейбіт күнде жазықсыз жандардың қанын төгіп жүрген күйретуші мақсаттағы топтардың іс-әрекеттері жоғарыдағы аталған ислами шарттардың ешбіріне сәйкес келмейді, сондықтан жиһад болып саналмайды.

Дін саласында өзекті тақырыпқа арналған 20 сұрақ және жауап кітабынан