Терроризм актісін болғызбауға көмектескен ақпарат үшін сыйақы төлеу тәртібі заңмен айқындалған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 9 қарашадағы № 685 қаулысымен Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидалары бекітілді.

Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамдарға уәкілетті орган сыйақы төлейді.

Сыйақы бір рет төленеді және мынадай тәртіппен белгіленеді:

-2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (бұдан әрі – ҚК) 255-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 750 (жеті жүз елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК);

-ҚК 255-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген терроризм актісі туралы қылмыстық істер бойынша – 1000 (бір мың) АЕК.

Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адам сыйақыдан бас тартқан жағдайда, уәкілетті органның аумақтық органына (бұдан әрі – аумақтық орган) тиісті өтініш береді.

Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы беру, егер айыпты адамға қатысты:

-2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 521-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген;

-ҚПК 35-бабы бірінші бөлігінің 9), 11) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шыққан жағдайда төленеді.

Аумақтық орган терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы алу құқығы туындағаны туралы үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.

Терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адам тұрғылықты жері бойынша аумақтық органға осы Қағидаларда көрсетілген құжаттарды ұсынады.

Аумақтық орган осы Қағидаларға сәйкес сыйақы алу құқығы туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мынадай құжаттарды қалыптастырады және уәкілетті органның төрағасы айқындаған уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – уәкілетті бөлімше) жібереді:

-аумақтық органның қолдаухаты;

-хабарлама талоны түбіртегінің көшірмесі;

-заңды күшіне енген айыптау үкімі немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы сот қаулысының көшірмесі не ҚПК 35-бабы бірінші бөлігінің 9), 11) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының көшірмесі;

-терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамның жеке сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі;

-терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамның ағымдағы банктік шоты көрсетілген екінші деңгейдегі банк анықтамасының түпнұсқасы. Адамның ағымдағы банктік шоты болмаған жағдайда, өзі кез келген екінші деңгейдегі банкте ағымдағы банктік шотын ашады.

Уәкілетті бөлімше барлық қажетті құжаттар келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығын тексереді және терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы төлеу туралы уәкілетті орган бұйрығының жобасын дайындайды.

Тексеру процесінде құжаттарды ресімдеуде кемшіліктер мен дәлсіздіктер анықталған кезде уәкілетті бөлімше осы Қағидаларда көрсетілген құжаттарды қателіктерді жою және онымен бір мезгілде терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға сыйақы төлеуді кешіктіру себептері мен мерзімдері туралы хабарлау үшін аумақтық органға қайтарады.

Аумақтық орган кемшіліктер мен дәлсіздіктер жойылғаннан кейін он күн ішінде осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті бөлімшеге қайта жолдайды.

Уәкілетті органның сыйақы төлеу туралы бұйрығы шығарылғаннан кейін аумақтық орган сыйақы төлеу туралы бұйрық шыққан күннен бастап алпыс күнтізбелік күн ішінде терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері арқылы оның екінші деңгейдегі банктегі ағымдағы банктік шотына сыйақыны төлеуді жүзеге асырады.

Аумақтық орган терроризм актісін болғызбауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпаратты хабарлаған адамға заңнамада белгіленген тәртіппен оның екінші деңгейдегі банктегі ағымдағы банктік шотына ақшалай қаражаттың аударылғаны туралы үш күн ішінде мәлімдейді.