ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН

Ислам діні тазалыққа негізделген дін. Өйткені, мұсылманның құлшылығы өзін таза ұстаудан басталады. Адамзаттың арманы болған жәннәттың кілті намаз болса, намаздың кілті – тазалық.

  1. Тазалықтың маңыздылығы

Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Намаздың кілті тазалық, оны (намазды) қасиетті құлшылыққа айналдыратын нәрсе – такбир, ал одан шығаратын нәрсе – сәлем»[1] – деген. Тазалықтың артықшылығы туралы Алла Тағала Құран кәрімде: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді».

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тазалық – иманның жартысы» – деген хадисі арқылы мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған.

  1. Дененің тазалығы

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бес нәрсені адам баласы жаратылысынан қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту және сүндетке отыру»[5] – деп, тазалықтың адам баласының дене мүшелерінің барлық жеріне қатысы бар екенін аңғартқан.

  1. Киімнің тазалығы

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Киіміңді таза ұста. Жаман нәрселерді таста»[11] — деген. Алланың әмірін екі етпей орындаушы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ақ киім киіңіздер, ақ түсті киім әдемі көрінеді, тазалық тұрғысынан да ыңғайлы…» – деп, ақ киген адамның тазалыққа басқаларға қарағанда артық көңіл бөлетінін айтып кеткен.

  1. Тамақ ішудегі тазалық

Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Тамақтың берекеті – тамақ ішердің алдында және тамақ ішіп болғаннан кейін қол жуу»[14] — деген хадисінен біздің ішіп-жеген тамағымыздың бойымызға сіңуі де тазалықпен тығыз байланысты екендігін көреміз. Келесі бір хадисінде: «Қолдарында тамақтан қалған майдың жұғындыларымен жатып ұйықтаған адам қандай да бір кеселге ұшыраса өзінен көрсін» — деп тамақтың жұғындысынан тазаланбау кеселге ұшыратуы мүмкін екенін де ескертеді.

  1. Күнәдан таза болу.

Ислам дінінде тазалық ұғымы адамның денесіндегі, киіміндегі және құлшылық жасайтын жеріндегі лас, нәжіс нәрселерден тазаруымен қатар, жүректегі лас нәрселерден, яғни күнәлардан да таза болуды білдіреді. Себебі сыртқы тазалық пен ішкі тазалық бір-бірімен үйлескенде ғана адам баласының құлшылығы қабыл болады.

Жүректің тазалығы туралы Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адам баласының денесінде бір ет бар, ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады. Ол бұзылса бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар! Ол  жүрек»[17] – деген. Ішкі жан дүниемізді таза сақтаудың бірден-бір жолы жүректі таза ұстау екенін ескерткен