Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді.
Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгерту қажеттілігі, мемлекеттік реттеуге азаматтардың денсаулығын және экологияны қорғау үшін ғана жол берілетіні көрсетілді.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық мейлінше жиі туындайтын сәулет-құрылыс қызметі, санитарлық-эпидемиялық қадағалау, ветеринария, сертификаттау және басқа да салалардан бастау керек. Шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны келесі жылы әзірлеуді тапсырамын — деді Мемлекет басшысы.
Заң бойынша да, тәжірибе жүзінде де нақты болмыстың қасаң формадан артықшылығы бар екенін, ақыл-ой мен мән-мазмұнның қатаң заң нормаларынан басым түсу мүмкіндігін ескерген жөн.
Тексеру жүргізуге тыйым салған үш жылдық мораторий осындай реттеу жүйесін жаңадан енгізуге жол ашады.
Ел Президентінің сөзінше, мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек.
Осы бағытта, Шымкентте кәсіпкерлікті жан-жақты қорғауды қамтамасыз етіп, аталған салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырған “Protecting Business and Investments”, яғни «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы бірқатар заңсыздықтың алдын алуға ықпал еткен.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаевтың айтуынша, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ағымдағы жылдың өзінде бизнесті қорғау шеңберінде 20-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызмтетіне заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.