СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мегаполиске жұмыс сапарымен келді. 

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын  қалыптастыруды көздеген Агенттік және Штаб өкілдері алғашқы кездесуін қала активімен өткізді.

Қала әкімі М.Әйтенов төрағалық еткен жиынға «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдар, қоғам белсенділері қатысты.

Қала әкімі Елбасы мен Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын атап өтіп, қоғам мен мемлекет игілігі үшін жемқорлықты жою бағытында бірлесе жұмыс жасау қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, өңір басшысы қаладағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы бірқатар жобалардың, соның ішінде «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының тиімділігіне тоқталды.

Аталған жоба аясында мемлекеттік органдардың трансформациялану жайы хабарланды. Қала және 4 аудан әкімдігінде сервистік әкімдіктер ашылып, 197 мекеме OpenSpace форматында жұмыс жасауда. 

Одан бөлек, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері мемлекеттік кірістер, қорғаныс, экология департаменттерінде ашылып, жұмыстарын бастағандығы хабарланды.

Кездесу барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін, қоғамдық сананы жаңғыртуда адалдық, адамгершілік қағидаттарын сіңіру қажеттігін айрықша атап өтті.

Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатынан, оның ішінде Агенттік тарапынан осы дертпен күресу мақсатында қолға алынған жобалармен таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды.

 Ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды.

Кездесуді қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысушыларға алғысын білдіріп, жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.

Айта кетейік, аталған жұмысшы топ мегаполиске сапары барысында полиция, мемлекеттік кірістер, білім салалары өкілдері мен көп балалы аналармен кездесіп, қаладағы дәрі-дәрмектер қорымен танысуы жоспарлануда.