Оқушылар мен студенттер ҮШІН ЖОЛАҚЫ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ

Шымкентте жолаушылар тасымалдау ісіне тың жаңалық енгені белгілі. Қарашаның 9-ынан бастап автобустарда «Төлем» электронды билет жүйесі жүзеге асуда. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындап, түсіндіруді қажет ететін мәселелер бас көтеруде. Редакцияға да хабарласып, көкейдегі сауалдарын жолдап жатқан оқырман көп. Сол сұрақтарды топтастыра отырып, мәселенің мән-жайын айтып беру үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар ҚОҚАНБАЕВТАН өтінген едік. Оқырмандар сұрағына сала маманы жауап берді.

Сұрақ:
Сарбиназ ЖАНҰЗАҚОВА, қала тұрғыны:
–«Төлем» картасын табу қиын болып тұр. Автобус жүргізушісі немесе контролердің сатуына мүмкіндік жасалса екен. Сондай-ақ, студенттер үшін бұрынғысынша жолақыға жеңілдік жасала ма? Жалпы «Төлем» картасын сатып алуға асықпаңдар» деген де сөздерді естіп жүрміз. Бұл қаншалықты анық ақпарат?
Жауап:
– Автобустарда «Төлем» картасымен жүргендердің қатары күн сайын артып келеді. Бұл жолаушылар тасымалы ісінде тәртіп орнату үшін қолға алынған жоба. Өздеріңізге белгілі тұрғындар тарапынан ең көп арыз-шағым дәл осы жолаушылар тасымалына қатысты болып келді. Ендігі жерде жаңа жоба жолаушыға ыңғайлы жағдай жасауға, әрі бұл саладағы көлеңкелі бизнестің жолын кесуге бағытталып отыр. Иә, расымен де, осы аптаның басында автобустардағы арнайы қондырғының уақытша істен шығуына байланысты туындаған қиындықтардан жолаушылар біраз әбігерге түсті. Дегенмен, бұл мәселе дер кезінде шешілді. Қазір автобустарда «Төлем» қондырғысы толық жұмыс істеп тұр.
Жүйедегі мұндай техникалық ақауларға байланысты орын алған жағдайларда «Төлемі» бар жолаушылардан жолкіре үшін 70 теңге алынуда. Ал, «Төлем» картасы жоқ жолаушылар алдын ала хабарланып, ескертілгеніндей 100 теңгеден төлеуге тиісті.
Сондай-ақ, оқушылар, студенттер және тегін жүретін санаттағы жолаушылар бұрынғысынша студенттік картаны немесе кітапшасын көрсету арқылы жеңілдікпен жүре алады. Бұл баға тарифтік жүйе толық іске асқанша сақталады.

Азамат ЖӘДІГЕРҰЛЫ, қала тұрғыны:
– Автобустағы аппарат істемесе «Төлем» карточкасы барларға 70 теңге деп еді. Дегенмен, кейбір автобустарда кондукторлар 100 теңге талап етуде. Мұның дұрыс еместігін дәлелдейтін қаулы ма, құжат па бар ма? Кондукторларға көрсетіп, өз құқығымызды қорғайтын.
Жауап:
–Техникалық ақау болған жағдайда картаңыз болса, 70 теңге төлейсіз. Бұл барлық автобус жүргізушілеріне ескертілген. Егер, бұл талапқа бағынбаған жағдайда сол автобустың бағыты мен нөмірін жазып алып, басқармаға хабарлап айтуыңызға болады.
Сұрақ:
Әнипа АЙТУҒАНОВА, қала тұрғыны:
–«Төлем» картасына ақшаны қалай салуға болады?
Жауап:
–«Каспи голд» қосымшасы немесе Qiwi терминал арқылы баланс салып толықтыруға болады.
Сұрақ:
Асылхан ТӘУІРХАНҰЛЫ, қала тұрғыны:
–Карта қанша тұрады? Ішіне ақша салған соң бір рет болса да автобуспен қатынау жеңілдігі қарастырылған деп естіп едім. Сол рас па?
Жауап:
– Карта құны – 500 теңге. Сол картамен бір рет жол жүру ақысы тегін. Бір автобустан екінші автобусқа бір сағаттың ішінде ауысқан жағдайда «Төлем» картасымен төлеген кезде бір-ақ рет жолақы алу мәселесі қарастырылуда. Алдағы кезде бұл жаңалықпен бөлісетін боламыз.
Сұрақ:
Сара ШАНШАРОВА, көпбалалы ана:
– Мектеп оқушылары үшін арнайы карта бар дейді. Оны қалай, қайдан аламыз? «Көпбалалы аналарға картаны тегін береді» деген әңгіме рас па?
Жауап:
– Телеграм желісінде «Электронное билетирование» деген бот-жүйе бар. Сол жерге өтінім беру арқылы немесе ХҚКО (ЦОН) жүгінуіңізге болады. Көпбалалы аналарға тегін жүру мүмкіндігі өкінішке орай қарастырылмаған.
Сұрақ:
Сабырхан ТАСТАНОВ:
–«Төлем» картасын қолдануға мәслихат депутаттары тарапынан келісім болды ма?
Жауап:
– Жолаушылар тасымалдау ісінде «Төлем» жүйесін қолдану туралы ұсынысты Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары қолдап, мәслихаттың 2020 жылғы 12 маусымдағы 65/579-6с шешімімен келісілген. Жүйенің енгізілуі заң аясында жүзеге асырылуда.
Сұрақ:
Аида Насырова:
– Оқушылар мен студенттерден де 100 теңге талап етіп, төлемеген жолаушыларды түсіріп жіберген кондукторларды әлеуметтік желіде байқап жатырмыз. Ондай кезде не істей аламыз?
Жауап:
– Міндетті түрде транспорт басқармасына немесе «Төлем» жүйесінің кеңсесіне, автобустарда ілулі тұрған тасымалдаушы компания басшылығына хабарласып, мән-жайды жеткізуді сұраймыз. Сонымен қатар, мамандар әлеуметтік желіде де ұдайы мониторинг жүргізіп, сауалдарға жауап беріп отыр. @transport.shym немесе @tolemcard.kz инстаграм желісіне автобус пен маршрут номерін және видеосын жолдасаңыздар болады. Ондай дөрекі, жалған ақпарат тарататын кондукторларға шара көреміз.
Сұрақ:
Аида ЕРҒАЛИҚЫЗЫ:
– Жүйе қашан толық жүзеге асады?
Жауап:
– О баста бұл жобада сараланған тарифті қолданып, тұрғындарды толық картамен қамтамасыз ету жоспарланған. Дегенмен оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуына байланысты, карталарды әзірлеу уақыт алуда. Сондай-ақ, аппараттардағы байланыс жүйесінде кедергілер кезігуде. Бұл мәселе таяу күндері толық шешіледі. Техникалық мәселелер шешілген бойда, толық енгізілетін болады.
Сұрақ:
Нұртөре ӘЛІШЕР, қала тұрғыны:
– Осы жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттен қанша қаржы бөлінді?
Жауап:
– «Төлем» жүйесін енгізу үшін мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеді. Жобан жеке инвестор, «КазСмартТранс» ЖШС компаниясы өз қаражатына жүзеге асыруда.