Жақсы жүрген жеріне кент болар

Шымкентте Төлегенов Әбибулла Әшірбекұлы деген ағамыз бар. Құқық қорғау органында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Әбекең үнемі жайдарлы жүретін жан. Өзіме емес, елге болсын деп тұрады. Көпшіл. Қолы ашық. Қысқасы, жігіттің сырттаны.

Бір досым айтады. «Осы менттердің ішінде де жақсы адамдар болады екен ғой. Әбекең мына мінезімен полицейлерді жақсы көргізеді».
Біз де қызықпыз. Полицейлер туралы әңгіме бола қалса, олардың ішінен шыққан әлдекімдердің көңілге жақпайтын барлық қылықтарын, оқиғаларын балықтың желбезегінен өткізген жіптей тізіп шығамыз да, олардың сол өзін жамандаған адамдар үшін де қажет кезінде от пен суға түсетіндігін ұмытып кетеміз.
Қысқасы, Әбекең полицейлердің де жақсы имиджін қалыптастырып жүрген азамат.
Мынау «Нұрсәт» шағынауданында шағын монша бар. Жексенбі күні сол монша араның омартасына ұқсап кетеді. Өйткені, тас моншаның қадірін білетін азаматтар жиналады. Ортасында елге қадірлі, азаматтығы ерен Шәріпбек Жамалбеков ағамыз бар.

BCK 8354


Жиырма шақты азамат бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып қалдық.
Әбекең екеумізді одан бөлек жақындатып жібергені, спортқа жақындығы, Сәбира жеңешеміз екеуінің алтын ұясында қазақтың болашағы мықты бір балуаны өсіп келеді. Немересі. Аты – Ерасыл. Атақты Қабанбай батырдың шын есімі ғой. Әкесі – Бауыржан болса да атасының «жүрегі».
Бүгінде талай турнирлерде топ жарып жүрген Ерасылдың күреске келгені де қызық. Алты жаста екен. Атасына еріп ауылға барады. Қаланың еркетотайын ауылдың сотқарлары сәл ұшықтап жіберсе керек.
Тұлан тұтып атасына келеді. «Ата, мені ертеңнен бастап күреске апарасың».
Содан бері екеуінің шығарда жаны бірге. Біраз татамиге түскен соң інісі, қазақтың мықты балуандарының бірі, олимпиада ойындарының дуын көрген Мұратбек Қыпшақбаевқа алып барады. Күрес кілеміндегі қаракетін көрген Мұрат «немереңіз ұзаққа барады» деп, әркімнің қолы жете бермейтін, түп-төркіні корейлік шебердің қолынан тігілген кимоно сыйлайды. Бүгінде Ерасыл бапкері Жеңіс Белбасаровтың тәлімінде қаладағы №2 спорт-интернатта жаттығып жүр.
Әбекеңнің тағы бір қыры – Шымкентті жанындай жақсы көреді. Шын патриот. Шымкент туралы жағымсыз пікір айтылған жерде көтеріліп кетеді.

566


– Менің полиция мектебінде бірге оқыған ақтаулық достарым бар, – дейді. Алғашқыда жұрт сөзіне еріп жүргендей еді. Ер мінезді жігіттер ғой. Түсінді. «Қазақстанды мемлекет етіп ұстап тұрған Шымкент» дегенді айтты.
Шымкентті жамандау – қазақты жамандау. Қала ғажап өсіп келеді. Түбінде Қазақстандағы ең мықты қала болады. Солай дейді.
Сол Әбекең, немересінің «Абылай аспас сары белі», Шымкентін әлем қалаларына теңгермейтін, жігіттің сырттаны Әбекең алпыс деген асудан алшаңдап өтіп бара жатыр.
Осындайда жақсы адам жайлы айтпасқа болмайды екен. Өмірді нұрландыратын жаны ізгі адамдар ғой.

Б.БАЙДУЛЛАҰЛЫ