Карантиндегі жанұя жарасымы

Қазіргі таңда елімізде жұқпалы індеттің таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдайдан кейін жанұялық өмірге де кішігірім өзгерістер енгені мәлім. Алғашқыда түсініспеушіліктен және әртүрлі бейресми жалған мәліметтерден кейбір отбасылардың, азаматтардың кішігірім уайымға салынып қалағаны рас. Бірақ, уақыт өте келе халқымыздың бойындағы шыдамдылық, төзімділік, парасаттылық қасиеттері оянып еліміз сабырға келді.

Мұндай карантин Ислам тарихында да болған. Бұл кішкене сынақтан да аман есен өтерміз, өтіп жатырмыз. Әрбір нәрсенің екі жағы бар. Кез-келген нәрсенің соңында қайыры бар.

Алла Тағала Құранда: «Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216 аят) деген. Сонымен қатар, Құранның «Инширах» сүресінің 5-6-аяттарында: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар» делінеді. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылмандардың иман тұрғысынан ең үстемі – мінезі ең жақсы болғаны және отбасына ең жақсы, ең мейірімді мәміледе болғаны» деген (Тирмизи). Демек бұл оқшаулану (карантин) пайғамбар өсиетін іске асыруға, отбасыға жақсылық жасау арқылы Алла разылығын алуға мол мүмкіндік болып отыр. Жанұяға көңіл бөлудің өзі де үлкен құлшылық, сауапты іс. Осы орайда ҚМДБ Әйел-қыздар секторы да ел басына күн туған уақытта қарап қалмай, қолдан келгенінше халыққа жан-жақты қайырымдылық, отбасылық кеңес т.б. жағынан көмек көрсетіп келеді.

Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап сектордың өңірлердегі өкілдері, әйел ұстаздары өз қолымен бетперде тігіп, мыңдаған дана етіп таратты. Демеушілер тартып, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға азық-түлік пен қайырымдылық көмегін ұйымдастырды. Қазіргі таңда көпбалалы отбасыға пәтер алып беру мәселесімен де айналысып жатқан жайы бар. Нәзік жанды ұстаздар осындай қиын-қыстау уақытта әлеуметтік желілер арқылы онлайн дәрістер, уағыздар, кеңестер ұйымдастырып, карантин уақытын мейлінше жеңілдетуге өз үлесін қосып жатыр.

Ақбөпе ТІЛЕГЕНОВА