ЖАСТАР АРАСЫНДА САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ БҮГІНГІ КҮННІҢ БАСТЫ ТАЛАБЫ

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудағы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықтың денсаулығы ең маңызды мәселелердің бірі. Халықтың денсаулығы – мемлекет болашағының негізі десек, оның жақсы, қалыпты жағдайда болуы өмір сүру салтына тікелей байланысты екендігі белгілі.

Бүгінгі таңда өз тәуелсіздігін алған егеменді елімізде жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіп қойылған. Еліміздің болашағы – жарқын жастар дейтін болсақ, олардың арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастырып, санасына, салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екендігін түсіндіру ортақ міндет.

Ұлт салауаттылығы – бұл қоғамдық құндылық. Салауатты өмір салты – жалпы ұлт денсаулығының негізі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты, сондықтан салауатты өмір салтының жастар арасында қалыптасуының маңызы өте зор. Жастардың өзін жетілдіру, өзін-өзі ұйымдастыру үшін қажетті аса маңызды қасиет – ол салауаттылық.

Салауаттылық ұғымы қазақ халқының салт-дәстүрін, көнеден келе жатқан мәдениетін, өнерін, әдет-ғұрпын жас ұрпаққа ұғындыру. Салауаттылық — ішкіліктен, есірткі, темекіден аулақ болу, дене және жан тазалығын сақтау, тіпті қарапайым түрде айтсақ адамның киім киісі, тамақты қалыппен ішуі де кіретін игі іс-әрекет.

Жаңа дәуірде елімізді сақтайтын, денсаулығы зор, интеллектісі жоғары ұрпақ тәрбиелеу мемлекет саясатының басты бағыты екенін ескерсек, осының бәрі жастарымызды салауатты өмір салтына тәрбиелеуден басталады. Сондықтан, ең алдымен, жастар арасында салауатты өмір салтына деген дұрыс түсінік қалыптастыруымыз керек. Жастардың санасына салауатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа аса маңызды және ұстанған адамның болашағы айқын екенін түсіндіріп беруіміз керек.

Өркениетті дамыған қоғамды тек — дені сау адам ғана құра алады деп айтар болсақ, жастарымыздың денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше, адамгершілігі мен имандылық қасиеті үйлескен тұлғаларды тәрбиелеу басты міндетіміз.

Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт клубы