Еліміздің кез-келген тұрғыны жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады

Еліміздің кез-келген тұрғыны «Ашық бюджет жобасы» аясында іске қосылған Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алады және әлеуметтік салаға бөлінген қаржының жұмсалуына бақылау жүргізе алады.

Жобаның мақсаты — азаматтық қоғам өкілдеріне бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсауда қоғамдық сараптама жүргізу мәселелерінде, сондай-ақ жеке қаржыны сауатты жоспарлауда жәрдемдесу. Сонымен қатар, ашық бюджет қалыптастыру арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу.

Осылайша, жоба іске қосылған сәттен бастап Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы қоғамдық бақылаушылар тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шекті деңгейінен жоғары құны бойынша сатып алуды анықтап, олардың іске асырылуын тоқтатты.

Нәтижесінде, еліміздің 8 өңірінде үнемделген қаражат сомасы шамамен 33 млн теңгені құрады.

Жалпы, мемлекеттік органдар өкілдері, тәжірибелі заңгерлер мен жұртшылықтан құрылған 25-тен астам сарапшының қатысуымен бюджет қаражатын жұмсау тиімділігінің мониторингі және дербес қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша 50 онлайн-кеңес өтті.

Сонымен қатар, бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық сараптама жүргізуге азаматтарды кеңінен тарту үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық кеңес, кәсіподақ ұйымдары, «NurOtan» партиясы және Арнайы мониторингтік топтардың өкілдерінен жалпы саны 83 белсенді азамат бастаған «Ашық бюджет» өңірлік клубтары құрылды.

Әрбір ниет білдіруші Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы (publicbudget.kz) бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына қоғамдық сараптама жүргізуге тікелей қатысып, елдегі жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады.