Дін туралы заң – конституциялық норманың нақты көрінісі

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады.

Азаматтар арасындағы қатынастар, жалпы қоғамдық қатынастар мемлекет тарапынан заңдарда белгіленген құқық нормалары негізінде реттеледі.

Аталған қағидатқа сәйкес, мемлекет азаматтардың діни сенім бостандығы құқығына кепілдік береді, алайда діндердің саясатқа араласуына немесе мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруына жол берілмейді.

Биыл 25 жыл толып отырған Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституциясында  дінге қатысты  тармақтарды атап өткенді жөн көріп отырмын.

Аталған заңның 5 бабының 3 тармағында Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады.

4 тармақта — Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді.

5 тармақта — Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады.

14-баптың (Адам және адамзат) 2 тармағында Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

19-баптың 1 тармағында Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.

20-баптың 3 тармағында Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді деп нық көрсетілген.

Сондай-ақ, еліміздегі діни қатынастар қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңмен реттеледі және заңның біздің қоғам үшін маңызы орасан зор.

 Ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі.

Елімізде 18 конфессияны қамтитын 3816 діни бірлестік ресми тіркелген: 2683 — исламдық, 342 — православие, 86 — католик, 592 — протестант, 60 — Ехоба куәгерлері, 24 — Жаңаапостолдық шіркеу, 11 — Кришна санасы қоғамы, 7 — иудаизм,  6 — бахаи, 2 — буддизм, 2 — соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 — муниттер.

Жалпы діни ғимарат саны – 3587, оның 2681 — мешіт, 301 — православие шіркеуі, 108— католик шіркеуі, 405 — протестанттық ғибадат үйі, 57 — Ехоба куәгерлерінің ғибадат үйі, 24— Жаңаапостол шіркеуінің үйі, 6 — синагог, 2 — Бахаи ғибадат үйлері, 2 — «Кришна санасы қоғамы»ДБ ғибадатханалары, 1 — буддисттік ғибадатхана.

Қандайда бір ұйымдасқан топ тіркеуден өтпей, жұмысын істейтін болса, ол еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жаза қолданылады.

Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі — Конституцияның құрметін арттыруға және жоғарыда аталған заң талаптарын бұзуға жол бермеуге тырысайық ағайын.