Діни сауаттылық — ішкі тұрақтылық кепілі

Жалпы деструктивті ағымға айналу радикализмнен басталып, терроризммен аяқталады. Алайда, олардың таным-түсініктері тар болғандықтан, сол айтып жүрген сәләфизмнің де, жиһадтың да парқына жете алмайды.

Мамандар жат ағымдарға тартылғандардың түсініктері таяз болатынын айтады. Оларға дін емес, экстремистік топтардың өз ұстанымдары үйретіледі.

Дінді білмейтін адамдар адасып кетеді. Өйткені олардың санасына радикализм дін атынан сіңіріледі. Сондықтан таухид жайлы аузын ашқандардың бәріне бірдей сенуге болмайды. Ең сорақысы жат ағымның қатарына қосылғандарға ақиқат дін турасында насихат тыңдауға жол берілмейтіндіктен, солардың шырмауынан шыға алмай қалады.

Теріс ағымдар жастарды мынадай айла әдістермен еліктіреді:

Біріншіден, жаңадан қабылданған «шәкірт» теріс ағым мүшелерінің психологиялық қысымына ұшырайды. Бізден басқа мұсылманның барлығы «адасқан, кәпір» деген сияқты әпсананы құлағына құяды. «Ғасырлар бойы аталарымыз ұстанып келген дәстүрлі ислам қате. Аталарымыз теріс жолда болған. Олар Құдайға серік қосып, күпірлікте болды. Қазақтардың исламы бидғатқа толы. Оларды тазалау керек» деп теріс пікірлерді санасына сіңіреді. 

Екіншіден, дәстүрден тыс діни ағымдар мүшелері қоршаған ортасынан іргесін аулақ салып, өз бетінше бөлектене бастайды. Ал өзін қоршаған ортадан, отбасынан, қоғамнан тысқары жүрген адам уақыт өте келе «ұстазының» айтқандарының анық-қанығына ой жүгірту, оны шынайы өмірмен салыстыру мүмкіндігінен айырылатыны түсінікті жәйт. 

Үшіншіден, қауіпті ағымдар мүшелерінің ойлау қабілетін тежейтін түрлі әдістемелерді қолданады. Мәселен, бір сарынды ұстаздардың уағызын тыңдатып, психологиялық тәуелділікке ұрындырады. Ол өзінің бұрынғы отбасынан алған қадір-қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін тәрк етіп, сол ағымға ұнамды бейнені қабылдайды. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Ата-бабаларымыздың ұстанған жолы — береке мен бірлік болды. Сол себепті дін туралы ақпаратты ресми дерек көзінен үйренген абзал. Әлеуметтік желі арқылы іздену – адасуға апарады. Ал, біздің азаматтардың көпшілігі не мешітке келіп имамнан сұрамайды, теологтарға тіпті бармайды. Сөйтіп сұрауға ұялып жүргенде әлеуметтік желіде өз ұстанымын насихаттап отырған адасқандардың торына түсіп қалады.

Қазіргі таңда, мешіт имамдары, арнайы теологтар халықтың кез-келген діни сұрақтарына жауап беруге дайын. Керек десеңіздер сенім телефондары да іске қосылып, тәулік бойы жұмыс істейді.

Алла Тағала қасиетті Құранда білетіндер мен білмейтіндердің тең еместігін баяндаған. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа с.а.у білмегенді білетіндерден сұраудан ұялмауға шақырған.

.