ВИРУСТАН ҚОРҒАНУ – ӨЗІҢДІ АМАН АЛЫП ҚАЛУ

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әбдіманап Төлебаев және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың қатысуымен Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаладағы эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті.

Баспасөз жиынында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері кәсіпкерлік нысан иелерін санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.

– Мақсатымыз айыппұл өсімін көбейту емес, бірақ кәсіпкерлік нысан иелері талапқа сай жұмыс істемесе, шара қолданамыз. Бұл ретте эпидемиологиялық ахуал кезінде ұйымдастырылған мониторинг бойынша 457 дәріханаға тексеру жүргізілді. Олардың 87-сінен заң талаптарын бұзу анықталып, айыппұл салынды. Және олардың 27-сі сотқа жолданып, бүгінде 8-не тергеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Ә.Төлебаев.

Баспасөз мәжілісінде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қалыпқа түсе бастаған эпидемиологиялық ахуал жөнінде сөз қозғады.

– Коронавирус инфекциясының кең таралуының алдын алу мақсатында қалада адамдар көп шоғырланатын қоғамдық орындарға насихат баннерлерін ілеміз. Бүгінде бетперде адамның киетін киімі секілді қажеттілікке айналды. Осы қалыпты әлі де сақтауымыз керек. Қазір жағдай қалыпқа келді деп, оған немқұрайлы қарасақ, үшінші толқын болуы әбден мүмкін. Ол – қарапайым шындық. Дегенмен әлем ғалымдары бұл вирусты ауыздықтау үшін күресуде. Бүгінде дүние жүзінде ғалымдар 160-тан аса вакцинаны сынақтан өткізіп жатыр. Оның ішінде екі вакцинаны еліміздің ғалымдары сынақтан өткізуде», — деді Ш.Жұмабекұлы.

Оның айтуынша, әсіресе, қаладағы 36 базар басшысына үлкен міндет жүктеліп отыр. Себебі, адам ең көп шоғырланатын орын– базарлар. Ал кәсіпкерлер алдына келген тұтынушының маскасы болмаса, бетпердемен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Яғни, кез келген кәсіпкерлік нысанының иесі тұтынушысының сақтық шараларына тікелей жауапты.

–Егер вирус қатты қарқынмен таралатын болса, кез келген қоғамдық, көпшілік орындарды жауып тастаймыз. Маусым, шілде айларында вирус кеңінен таралды. Өкінішке қарай, қалада бетперде тағып жүргендер сирек. Қазір бетпердесіз жүруге мүлде болмайды. Вирустан қорғану әр адамның өз жауапкершілігінде, — деп Ш.Мұқан шаһар тұрғындарын індеттен барынша сақтануға шақырды.

800-ГЕ ЖУЫҚ ДӘРІГЕР ОНЛАЙН-КЕҢЕС БЕРЕДІ

Ал Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а Тимирхан Варзилов қаладағы эпидемиялық жағдай бойынша мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен тәулікте 43 науқас дертінен айыққан.

– 5-тамыздағы эпидахуал бойынша — 5025 Сovid-19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2572-і симптомдық, 2453 -і симптомсыз. Өткен тәулікте вирус жұқтырғандар – 14. Қазіргі таңда індеттен емделіп шыққан науқастардың саны – 3357. 1629 науқас емделуде, оның ішінде 94-і стационарда ем қабылдап жатыр — деді ол.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан — 5- тамызға дейін пневмонияның 14 312 жағдайы тіркелді, 10 962 науқас емделді.
Провизорлық және инфекциялық стационарлар бойынша айтар болсақ, қалада 2810 төсек-орын бар (инфекциялық төсек — 650, провизорлық төсек – 2160), оның ішінде бос төсек-орын саны 2087 құрайды. Бұдан бөлек, 211 мобильді топ ұйымдастырылып, олар 17 820 науқастың үйіне барып медициналық қызмет көрсеткен. Әр емханаға қосымша бір топтан жедел жәрдем көлігі жеткізілді.
Сондай-ақ, 53 182 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Тегін берілетін дәрілік заттарды медицина қызметкерлері үйлеріне жеткізіп берді.

Қазіргі уақытта дәрігерлер 1430 платформасы арқылы онлайн кеңес беріп жатыр. Онда 720 дәрігер тіркелген.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті