Бүгін Құрбан айттың алғашқы күні ҚМДБ өзінің youtube және инстаграм парақшалары арқылы «Құрбан айт – ұлық мереке» атты насихаттық бағыттағы онлайн шара ұйымдастырды – деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.
Таңғы 08:00 мен 09:00 аралығында өткен мерекелік бағдарлама ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне арналған ақжарма тілегімен ашылды.
Сондай-ақ, қашықтан (онлайн) құрбан шалудың ерекшелігі (ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров), құрбан шалудың тарихы (ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков), құрбан шалудың шарттары (ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов) жайлы әңгіме өрбіді.
Бағдарлама барысында Әкім Тарази, Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Дихан Қамзабекұлы секілді ел ағалары Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.