ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің және қалалық Ақпараттық-ағартушылық Штабының өкілдері Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы мекемесінің ұжымымен сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілдерін талқылау бойынша онлайн кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талқылап, кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және парасаттылық қағидаттарын дамыту.

Аталған жиында Департамент қызметкері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда Агенттікпен қолға алынған жобалардың, соның ішінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ, Жолдауда айтылған «Қоғамдық бақылау туралы» Заңының қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық қарсы тартуға серпін беретіндігі айтылды. Осы ретте мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жайында сөз болып, аталған карта мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражатты әрбір азаматтың көріп, бақылауына және тиімді игерілуі бойынша пікір мен шағымын ашық білдіруіне толық мүмкіндік береді. Бүгінде өңіріміз бойынша бұл картаға 877 ұйымның қаражаты орналастырылып,  460 млрд. теңге қалыптастырылған.

Іс-шарада Штаб құрудың қоғам алдындағы маңыздылығы түсіндіріліп, әр қатысушы отбасында адалдық, парасаттылық, әділдік туралы үнемі айтып отыруға шақырылды.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы әр азаматтың жауапкершілігі мен міндеті айтылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпаратты сеніп қалдыруға немесе кеңес алуға болатын Агенттіктің 1424 Call орталығы хабарланды.