Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне кез келген сипаттағы және құнды сыйлықтарды беруге тыйым салынбақ. Аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сенат депутаты Андрей Лукин жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты.
«Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 412-1-бабына (Қылмыс жасауға арандату) өзгерістер енгізу ұсынылады. Соған сәйкес, қылмыс жасауға арандату деп кейін әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның заңсыз әрекеттері жатады.
Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 1-бабының 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген 2-1-бөлігіне сәйкес, Кодекске өзгерістер немесе толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұл заң жобасынан Кодекстегі осы түзетулерді алып тастау қажет», деді А.Лукин.
Үкіметтің 2019 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, әзірленген заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Заң жобасында 4 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Құжаттың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосымша шараларды енгізу.
Мәселен, мемлекеттік қызметшіге сыйлық сыйлауға тыйым салынбақ. Сондай-ақ лауазымды қызмет атқаратын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызмет көрсетуге болмайды. Екінші оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Ақпарат көзі: www.egemen.kz сайты.