Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды.

Сенаторлар «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат Спи­кері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірін­ші оқылымда қаралып, жан-жақты тал­қыланғанын жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сы­байлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», деді Мәулен Әшімбаев.

Заңда мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне кез келген сипаттағы және құнды сыйлықтарды беруге тыйым салынбақ. Аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сенат депутаты Андрей Лукин жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты.

«Заң жобасын екінші оқылымда тал­қы­лау барысында Сенат депутаттарының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 412-1-бабына (Қылмыс жасауға арандату) өзгерістер енгізу ұсынылады. Соған сәйкес, қылмыс жасауға арандату деп кейін әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген жедел-іздес­тіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның заңсыз әрекеттері жатады.

Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодексі 1-бабының 2020 жыл­ғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіл­ген 2-1-бөлігіне сәйкес, Кодекске өзгеріс­тер немесе толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұл заң жобасынан Кодекстегі осы түзетулерді алып тастау қажет», деді А.Лукин.

Үкіметтің 2019 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, әзірленген заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіруге ар­налған. Заң жобасында 4 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Құжаттың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосым­ша шараларды енгізу.

Мәселен, мемлекеттік қызметшіге сый­лық сыйлауға тыйым салынбақ. Сондай-ақ лауазымды қызмет атқаратын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызмет көрсетуге болмайды.  Екінші оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Ақпарат көзі: www.egemen.kz сайты.