Исламда «ифрат» және «тәфрит» деген екі ұғым бар. «Ифрат» пен «тәфрит»–араб тілінде «фарата» етістігінен шыққан туынды сөздер. «Ифрат» сөзі араб тілінде «бір істе шектен шығу» деген мағынаны береді. Бұл анықтаманы араб лексикографиясында ең танымал түсіндірме сөздіктердің бірі «Әс-Сихахтың» авторы, өзіміздің Отырардан шыққан ғалым имам Әбу Наср әл-Жауһари (һ.ж.б. 400 жылы қайтыс болған) жасаған. Ал «Лисан әл-араб» сөздігінің авторы Ибн Манзур: «Ифрат – асығыстық, алға ұмтылу, ысырап жасау, талап етілгеннен артық орындау, бір істі орындауда шектен шығу» деп, ол сөздің бірнеше мағыналарын берген. Араб тілінде және діни мәтіндерде бұл сөзге синоним ретінде «ғулу» сөзі де қолданылады. Ал шариғатта құлшылықтарды жасауда шектен шығу, өз деңгейінен асырып жіберу – «ифрат» деп аталады.
Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінде «ғулу» сөзі бірнеше рет кездескен. Мысалы, имам Ахмад пен Ибн Мәжәһ, Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.):«Уа, адамдар! Дінде шектен шықпаңдар! Расында, сендерге дейінгілер дінде шектен шыққандықтан құрдымға кетті»деген. Бұл сөздерді Алланың Елшісі (с.а.с.) қажылықта жамаратқа тас лақтыратын кезде лақтыратын тастарды алақанына салып, адамдарға ұсақ тастармен шайтанға тас лақтыратынын ескертіп тұрып айтқан. Яғни, құлшылық жасау барысында да шектен шығуға болмайды.
Жалпы, шектен шығуды ақида және құлшылық мәселелерінде деп екіге бөлуге болады. Ақида мәселелерінде шектен шығудың мысалы – әртүрлі күнәлар үшін адамды күпірлікте айыптау, әулие-әнбияларды құрметтеуде шектен шығу. Құлшылық мәселелерінде шектен шығуға мысал ретінде, төменде келетін үш кісінің қиссасын келтіруге болады. Осы жерде Алла тағаланың: «Расында, Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалықты қаламайды» (Бақара, 185) және «Алла ешкімге шамасы келмегенді жүктемейді» (Бақара, 286) деген аяттарын айтудың сәті түсіп тұрғандай. Яғни, жеңілдік – ислам шариғатының басты сипаты. Бүгінде ислам үмбеті өз тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін басынан кешуде. Осы келеңсіздіктердің ішіндегі екі мәселе жанға батуда. Оның бірі ифрат болса, екіншісі, тәфрит.
Діни үкімдерді орындаймыз деп, шектен шығып, фитнаны жиһад деп, халық арасындағы қантөгісті залымдарға қарсы төңкеріс деп, өзі түсінген бұрыс түсінікті Алланың түсірген заңындай қабылдап, өзгелерге сол түсінігін тықпалап, қоғамда бейберекет, хаос орнатуда. Ең сорақысы, олар өздеріне қарсы шыққандарды күпірлікте, екіжүзділікте, бидғатта айыптап, өздерін ғана шынайы Құран мен сүннетті ұстанушы ретінде таныстыруға тырысуда. Олар өздеріне қарсы айтылған уәждерді, шарғи дәлелдерді құлақтарына да қыстырмайды, терең ойланып, ақыл таразысына да салмайды. Пір тұтқан ұстаздарының айтқандарын ақиқат деп, қарсы пікірді қате деп қабылдайтын зомбилерге айналған. Шектен шығушылардың бұл қылықтары талай адамдарды исламнан қашыруда, ал іс-әрекеттері адамдарды діннен жеріндіруде. Алла елшісінің (с.а.с.):«Дінді (орынсыз)қатты ұстанушылар құртады» деген (имам Муслим, Ибн Масғудтан риуаят еткен) сөзі соларға қатысты айтылғандай. Жалпы, хадистерде дінді орташа ұстауға қатысты нұсқаулар өте көп.
Рашид МҰХИТДИНОВ, филология ғылымының кандидаты, исламтанушы
Дереккөз: @kazislam.kz