АМАНАТҚА АДАЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТТІ

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай аманаты» атты мақаласын бір деммен оқып шықтым. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастыра отырып, өз өмір жолындағы қиндықтар, түрлі сынақтарға мойымай, өз мақсатына жету жолындағы қажірлы қайратына дем берген Ұлы Абайды Елбасы әдемі әспеттеп, толағай ой толғайды.

Елбасы келешегіміздің бұдан да жарқын боларына кәміл сенуге, бүгінгі қиындық, індетке байланысты тұсаулап тұрған уақытша ауыртпалық өтерін айта келе, Ұлы Абайдың мерейтойы бұл қиындықтардың көлеңкесінде қалмайтын жеткізді.

Өз ой толғауында «Ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсереміз» деген Елбасы Ұлы ақынның әрбір сөзі күнделікті тұрмыста бізге бағдаршамдай жол көрсетіп отырғанын айтады.

Абай Құнанбайұлы өзінің өлеңдері арқылы да, қарасөздері арқылы да, бүкіл хакімдік ой-толғаныстары мен пәл­сапалық қағидалары арқылы да халқын рухани алапат апаттардан аман алып қалуға жанталаса, жан күйдіре күш-қуат жұмсады. Қайран қазағын, қалың жұртын отаршылдық былғаған қан тазалығынан біржолата айырылып қалмауға үндеді. Ар ілімін асқақтатты. Олқылықтардың бар­шасын осып, кесепаттарды кесіп көрсетті. Дендеген дерттер­ден қалай арылудың, қайтіп айы­ғудың жолдарын меңзеп, жөн-жосықтарын таразылады.

Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана Абай туындылары жан-жақты, шынайы да еркін зерделеніп, зерттеле бастады. Ұлы ұстаздың, теңдессіз ағартушының, әлемдік деңгейдегі данышпанның шын бағасы беріле бастады. Ақынның 150 жылдығында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бой­тұмары» деген болатын. Абай Құнанбайұлының мерейтойы сол жылы да ЮНЕСКО аясында атап өтілді.

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен алғаш рет Абай күні атап өтілді. Мемлекет басшысы аталған мақаласында бүкіл еліміздің, қоғамның, оқу, білім орындарының алдына келелі де кемел міндеттер қойды. Абай жан-жақты, жаппай оқытылатын болды. Абайтануға арналған оқулықтар, хрестоматия­лар жазып, басып шығаруға тапсырма берді. Абайға және оның мұраларын меңгеруге байланысты ең алдымен білім игеру, екінші – тәрбие, үшінші – жаңа кәсіп игеру, төртінші – ынтымақ мәселелері бойынша не істеу керектігін нақ­тылады. Президентіміз осылайша қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамытудың аса маңыздылығын айрықшалады.

Бәріміз де Абай және оның мұраларына байланысты мәңгілік мәністегі міндеттерге бүгінгі бас­ты парызымыз, болашақтың қамы ретінде жоғары жауапкершілікпен қарап, жаңаша жұмыс істеуге тиіспіз. Осы орайда Абай даныш­панның қарасөздеріне байланыс­ты кейбір ойларымызды айта кеткіміз келеді. Біздің қазақ, б­ү­гінгі қоғамымыз бұрын да, бү­гін де қарасөздердің қадіріне жете алмай жатқанын мойындауымыз керек. Енді Абайдың өзі аңғартқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, әсіресе қара­сөздерінің әрқайсысына терең ой көзімен қарап, жете меңгеріп, айна­лымға түсіруге бар күш-қай­ра­тымызды жұмсауға борыштармыз.

Мысалы үшінші қара сөзінде «Қазақтың бірінің біріне қас­күнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» – дейді Абай. Осы сауалына орай ұлы ұстаз бірқатар жауабын ұсынады. Бүгінгі қазаққа ой салар ұсыныстарын келтіреді. Ал Төртінші қарасөзінде көптің қамы, ұрпақтың қамы, келешектің қамы үшін уайым-қайғы ойлағыш кісіні қолдайды. Үнемі уайым-қайғымен бола бермей, солардан құтылудың қарекетін жаса дейді. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» дей келе, «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау», – дейді. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» – деген сұрақ қойып, қазақтың көбінесе біреуден қорқытып алғысы, алдап-арбап алғысы келетінін кекете сынайды.

Мынадай қағидаларды қалайша ұмытамыз: «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Ғалым туралы ғылым жайында қаншама қағидаттары бар. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» – дейді Абай. Надандық, еріншектік, залымдық үшеуін қатты сынайды. Білімсіздікті хайуандыққа теңейді. Бұрынғы қазақтың да, қазіргі қазақтың да бойынан, болмысынан кетпей жатқан кесірлі кеселдердің бірі мынадай ғой, ағайындар. Абай айтқан: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп, ұқпай тынбайтұғыны қалай?» Немесе «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?!»

Иә, Абай қарасөздерінің қадірін біліп, қасиетін түсініп, бүкіл өмірімізге, әрбір ісімізге бағдар ете біл­генде ғана елдік, мемлекеттік, адам­дық мақсаттарымызға жетеміз.

Баршагүл ИСАБЕК,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, профессор

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті