40 жылдық тарихы бар ипподромның тағдырын не күтіп тұр?

Ескі ипподром жаңа жерге көшіріледі деген ақпар шыққалы қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Расымен, қазіргі ипподромның орнын ауыстыруға не себеп? Жаңа ипподром ескісінен несімен ерекшеленбек? Біз осы сауалдарға ипподромға қатысты нақты дәйектермен дәлелді ойларын айтатын бірнеше адамның пікірін білген едік.

Ғани Ахметбаев,
Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры, қалалық мәслихаттың депутаты:

412

–Ипподром мәселесінің көтерілгені бүгін ғана емес. Бұл бірнеше жылдан бері күн тәртібінде тұрған көкейтесті сауал еді. Шымкенттегі атшабарды қоғам қайраткері Асанбай Асқаров 1979 жылы үлкен күрескерлікпен салып берді. Ал оған дейін бұл жер құрылысқа қажетті тас пен құм өндіретін карьер болатын. Сол карьердің үстіне сиыр фермасы салынған. Кейіннен «Ақжайық» шағынауданында заманауи сиыр фермасы бой көтергеннен кейін бұрынғы ферманың дайын бөлшектерін пайдаланып, бұл жер ипподромға айналдырылды. Одан бері 41 жыл өтті. Әбден ескірді. Ұлттық спортқа жанашыр көрермен бәйгені көруге келгенде бір-бірінің көлеңкесіне, панасына тығылып әбіржіп отырып көреді. Жыл он екі ай әр мезгілдің қолайсыз ауа-райына төтеп беруіне тура келеді. Сонда бәрінің айтатыны «Шатыр жоқ па? Қашан салынады?» деген сауал. Әу баста карьердің үстіне салынған атшабар сегіз метр сайға орналасқандықтан, желдің өтінен төмен жатыр. Ал самал соқпай, ауа алмаспай тұрған соң аттар қиналуда. Ертеректе ипподромның айналасы ашық болатын. Қазір «Наурыз» алаңындағы карусельден бастап, «Otau Group» құрылыс компаниясы салып жатқан 4-5 тұрғын үй бар. Бұл да атшабар аймаққа самалдың енуіне кедергі болғаны шүбәсіз. Бұған дейін Ө. Шөкеев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі боп тұрған кезде Оңтүстік Кореядан он шақты инвестор келді. Солардың бәрі күнгейдің табиғаты, ауа-райы жарыс өткізуге қолайлы екеніне келіскенімен, сегіз метр тереңдікті көріп райынан қайтып кетіп қалған. Жасыратыны жоқ, ескі ипподромның қазіргі заманның талабына сай қызмет көрсетуіне мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне жарты белдеуіне этноауыл салынды. Тастан қаланып, бөгеттер жасалынды. Жануарлар жүретін жол қысқарды. Қазір жаттығуды атшабардың жарты алаңына жасап жатырмыз. Ал бұл аттардың психикасына әсер етіп, мінезі өзгеруде. Жолдағы кедергілердің кесірінен өз жолынан адасып, жарты жолдан шығып кетіп жатады. Әр жарыс сайын кемінде 4-5 аттан айырыламыз. Қайран қазанаттар жолдағы түрлі кедергілерден мертігіп жатады. Оның дәлелі де жетіп артылады. Одан бөлек, ипотерапияны түрлі аурулардың емі ретінде дамыту үшін жағдай жетіспейді. Мына жерде біздің мүмкіндігіміз шектеулі. Қора жайларымыз да тар. Бізге кемінде 200 орындық қора қажет.

411


Біз жылқы жануарын қанша жерден жақсы көріп, меншіктеп, ұлы дала өркениетінің қасиетіне балағанымызбен, қадіріне жетпей жүрміз. Шетелдерде бұл жануарға деген көзқарас пен құрмет өзгеше. Мысалы, Венгрияға барған кезде ипподромға жергілікті халық тойға барғандай келіп, жарыстарын жоғарғы деңгейде өткізгенін көзіммен көрдім. Қытайдағы қазақ өлкесіндегі орталықтан 20 км жерге орналасқан атшабары мен атқорасын көрсеңіз, жаныңыз жай табады. Ең бастысы, көрермендердің жағдайы жасалған. Ал біздің қазіргі ипподромда қимайтын ештеңе жоқ. Иә, Асанбай Асқаровтың жанкештілікпен салдырған ерен еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Асекеңнің құрметіне жыл сайын халықаралық турнир өткіземіз. Биыл 17-ші рет ұйымдастырылғалы жатыр. Арасында бір жылдары түрлі себептермен өтпей қалды. Тек көкпар емес, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату бойынша да жүлделі жарыстар өткізіп жүрміз. Әр жарыстың алдында қайраткер тұлға Асанбай Асқаровтың өмір тарихын, өркенді істерін айтып, бөлісіп отырамыз. Бір сөзбен, аңыз адамның аты елеусіз қалып жатқан жоқ. Ескі ипподром Асқаровтың көзіндей қымбат мекен екеніне ешкімнің дауы жоқ, алайда, уақыт өз бұйрығын жүргізбей тұрмайды.
Осы орайда «жылқыларға да, спортшыларға да, келуші көрермендерге де, ипотерапиямен айналысатындарға да жайлы заманауи, кең ипподром салынса ғой» деген ой-мақсатымызбен бөлісіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Осыны ескерген Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов таяуда ескі Ипподромды Алматы айналма жолының бойындағы Бозарық шағынауданына, шаһардың ең биік нүктелерінің біріне көшіру туралы айтты. Жаңа атшабар қырдың үстіне орын тепсе, атқұмар жандардың бүткіл жағдайын жасауға мүмкіндік туар еді. Шымкенттің кіреберіс қақпасы ретіндегі нысан жан-жақтан келетін спортшылардың орналасқанына да ыңғайлы болар еді. Биік дөңге салынатын атшабардың жалпы аумағы – 47 гектар болмақ.
Жаңа ипподром бойынша бірнеше жоба ұсынылуда. Ең бастысы, жаңа жоба қонақжай орын болады. Міндетті түрде қонақүй салынады. Жан-жақтан жарысқа қатысатын спортшылардың отбасымен келіп, сол жерге қонып, ертеңіне спортпен шұғылдануына жағдай жасалады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда сондай мүмкіндіктер бар.
Қазіргі ипподромға көрермен ұзағырақ жаяу жүріп барса, жаңа нұсқасында жолдың бойынан кіреді де, жабық алаңқайдың ішінде рахаттанып отырып тамашалайтын болады. Екінші жағынан жылқы баққысы келетін қалалықтар да атын сол жерге ақы төлеп бақтыруына болады. Бала-шағамен келіп серуендеуге де таптырмас аймаққа айналмақ. Келер ұрпаққа мүмкіндігінше жақсы жағдай жасалып жатса нұр үстіне нұр емес пе?! Әрі ипподром өкіметке қол жая бермей, табыс тауып, өз-өзін асырайтын болады.

Өмір Шыныбекұлы,
тарихшы, өлкетанушы, қоғам белсендісі:

414

– Салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр. Ежелгі өзеннің кеуіп кеткен арнасында орналасқан ипподром теңіз деңгейінен шамамен 485 метр төменде жатыр. Ал әлгі кепкен өзеннің жағалауының биіктігі теңіз деңгейінен 525 метр биікте, яғни ипподром орналасқан жерден 40 метрдей биікте тұр. Өзеннің арнасы шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Енді Шымкентте соғатын желдің бағытын анықтап көрейік: Мәселен, жел солтүстік-шығыстан («Шақпақ» желі) және оңтүстік-батыстан соғады… Яғни, екі бағыттан да өзен арнасына көлбеу соққан самал жылқылардың тезегі мен терінің иісін, күн суытқанда көмір жағатын жеке тұрғын үй секторынан шыққан түтінді дәл осы қазаншұңқырға жинайды. Бұл аттарға да, адамдарға да зиян. Егер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарымыз еуростандартқа көшсе, мынау жердегі санитарлық-тазалықтың жағдайы оған жауап бере алмайды. Сондықтан, ипподромды басқа жерге көшіру заман талабы. Түбі иппподроммен іргелес тұрған зообақтың да жерін дендросаябаққа беріп, зообақты жел тиетін тегіс жерге көшіру керек.
Осыған қатысты екінші мәселе, қаламызға келіп жатқан еліміздегі аса ірі «BI Group» құрылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса беру керек. «Ораза-намаз тоқтықта»… 1986-2006 жылдары мен «Фосфор» мәдениет сарайының қарсы алдындағы үйде тұрдым. 1995-97 жылдары қалада газ болмай қалған кезде сол маңның тұрғындары Мәдениет сарайының алдындағы керемет ағаштарды отын қылып тамақ істегенін көзім көрді. Арасында өзіміз де бармыз. Егер мына пандемия деген пәле тағы біразға созылса көптеген жұмыс орындары жабылады. Әзірше тұрғындардың жинаған қоры таусыла қойған жоқ. Соны жеп жатыр. Ал көктемге қарай тұрғындардың біраз бөлігінің жағдайы сол 1990 жылдарға жақындап қалады. «BI Group» салады деген үйлерге жұмысшылар қажет екені белгілі. Ар жағын өзіңіз ойлай беріңіз. Бүгін үйлердің салынуына қарсы болып отырған біраз азамат келесі жылы сол құрылыста жұмыс істеп жүрсе таңғалмаймын. Қалай болғанда да қаламызға келгелі тұрған 135 млрд теңге инвестициядан айырып қалу үлкен қателік болар еді. Ал «BI Group» ештеңеден ұтылмайды. Экономикасы қарқындап дамып келе жатқан көрші Өзбекстанда да ол компанияға сұраныс артып тұр.

Жанысбек Саев,
Түркістан облыстық №6 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің
директоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

413

–Ипподромды қаланың сыртына көшірсе ешқандай айыбы жоқ деп ойлаймын. Шымкент қаласында дүбірлі бәйгелердің дүркіреп өтуіне осы ипподромның сайға орналасқандығы кедергі жасайды. Мысалы, былтырғы Наурыз мерекесіндегі бәйгеде талай арғымақ мертікті. Ерте көктемде сондай келеңсіз жағдайлар орын алғанда, мамыр айында өткен жарыстар туралы айтпай-ақ қоялық.
Жаңа ипподром тегіс, дөң жерде орналасады деп күтілуде. Ал ескі ипподромның орнына не салса да елдің қамы. Ешкімнің жеке басына жеке там салайын деп жатқан жоқ. Қайта қаншама отбасы баспаналы болады деп ойлаймын. Жаңа мектеп пен емхана салынады деп жоспарлануда. Ескі ипподром Бозарыққа көшіп, тұлпарларға жағдай жасалып жатса оның ешқандай айыбы жоқ. Қырдың үстін елдің бәрі көреді. Алдына көлік қоятын орын салынып, келушілерге барлық жағдай жасалмақ.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті