Мұсылман шариғатында адамдардың еркіне қалдырған мубах яки ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, олар әрбір мұсылман халқының ғұламаларының көз алдында әрі олардың құптауымен сан ғасырлардан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Сондай ұлттық ерекшеліктерге, тілдік ерекшеліктерге қарсы шығу, оларды дәл арабтардікіндей етуге тырысу барып тұрған надандық.
Өйткені адамзаттың ұлт-ұлысқа бөлінуі аталмыш аятта айтылғандай Жаратқанның Өз жаратылысына бекітіп берген мызғымас заңы. Ал жаратылыстық қағидаға қарсы шығу қасаңдыққа шалдыққан шала сауаттылардың ісі.
Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар.
Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді.
Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.
Себебі, адамдардың діни сауаттылығы артқан сайын айтушыға деген талап та күшейеді.
Шымкент қаласының дін істері басқармасы дәстүрлі діннің құндылықтарын халық арасында кеңінен насихаттап, дін мен дәстүр байланысын нығайта түсу жолында игі істер атқаруда.
Дін мен дәстүр кітабы