Шымкент – жастар қаласы. Алайда, шаһарда әлі де жастар бас қосатын орындар жетіспейді. Қазір осы бағытта бірқатар мәселелерді шешу, жастар орталықтарын ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы бірқатар волонтерлік ұйым басшыларымен кездесуде жастар қозғалысын дамыту жұмыстарына тоқталып өтті.
Кездесуге қалада өз белсенділігімен көзге түсіп жүрген ұйым жетекшілері жиналды. Атап айтқанда, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранова, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының президенті Мұхтар Ташимов, «Бізбен бірге» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Жасмин Әшімова, «Волонтеры Шымкента» волонтерлік қозғалысының жетекшісі Гузал Әуелбекова, тағы басқа волонтерлер шаһар басшысымен кездесуде өзекті мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде қалада 40-қа жуық әр түрлі бағытта волонтерлік қозғалыстар жұмыс істейді.
Қалада жастар ұйымдарының жұмысы жанданып келеді. Nur Otan партиясы Шымкент қалалық «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Арман Әлібековтің айтуынша, пандемия басталғалы бері волонтерлер 3500 отбасыға азық-түлік жеткізген. Миллион бетперде таратқан. Яғни, бірқатар волонтерлік топтар жұмысты дұрыс үйлестіруде. Арнайы жүйе қалыптасқан.
Алайда, әлі де болса жұмысты ширататын жағдайлар бар. Ресми тіркелгенімен дұрыс жұмыс істемейтін топтар да кездеседі.
Тағы бір мәселе, әлеуеті бар мегаполисте жастар шоғырланатын орын санын көбейту қажет. Волонтерлік ұйымдар бас қосатын орын жоқ.
Мұрат Дүйсенбекұлы волонтерлік қозғалыс жетекшілерінің ұсынысын тыңдап, бұл бағыттағы жұмыстар уақыт сәтімен шешілетінін айтты.
– Жастар бас қосатын орындарды ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазір карантинге байланысты жұмыстың барысы тоқтап тұр. Індет аяқталғаннан кейін біз ресми түрде пайдалануға береміз. Сол кезде жастар жиналатын болады. Мұндай орындарды көбейту қажеттігін білеміз. Алдағы уақытта бұрынғы Фосфоршылар мәдениет сарайын қалпына келтірсек деп отырмыз. Бұл ретте бірқатар жоспарлар бар. Жастарға спортпен шұғылданатын үйірмелер көптеп керек, – деді қала әкімі.
Жалпы қала әкімінің волонтерлік қозғалыс өкілдерімен кездесуі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жиында волонтерлік қозғалыс өкілдері бірқатар мәселелерінен хабардар етіп, өз ұсыныстарын айтты.
Еріктілерді жігер беріп, шабыттандыратын – азаматтардың алғысы. Ынталандыру. Сондай-ақ, басқосуда қаладағы еріктілердің электронды базасын жасау, ірі волонтерлік қозғалыстардың жұмысын жүйелеп отыру мәселелері талқыға түсті.
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті