«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында тікелей эфирде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев пен қалалық жер қатынастары басқармасының басшысы Б. Әшірбековтың қатысуымен кездесу өтті.
Тікелей эфир барысында Талғар Серікбаев жер қатынастары басқармасының қызметінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды.
Талдау барысында жер туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша заңнама нормаларының сақталуына назар аударылды.
Спикердің айтуынша бүгінде мегаполисте shymkent.genplan.kz электронды картасы бар. Оның жұмысын талдау барысында аталған ресурста азаматтар мен бизнес үшін өзекті, расталған және пайдалы ақпаратты алуға толыққанды қол жеткізу қамтамасыз етілмегенін көрсетті.
Сондай-ақ, жер комиссиясының жұмысын онлайн-форматқа көшіру, арнайы геопорталды енгізе отырып жер туралы ақпараттың ашықтығы мен қол жетімділігін, мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін қамтамасыз ету ұсынылды.
«Біз азаматтар жер мәселелері бойынша шешімнің қалай қабылданатынын көруге және білуге тиіс деп санаймыз» — деді спикер.
Жалпы алғанда, талдау нәтижелері бойынша Жер қатынастары басқармасына іс-шараларды орындаудың нақты мерзімін көрсете отырып тәуекелдерді жою бойынша Жол картасын әзірлеу ұсынылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі уәкілетті орган ретінде жағдайды одан әрі бақылайтын болады.
Сонымен қатар, Берік Әшірбеков Басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз ету және комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жоспарлары туралы хабарлады.