Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Жастар секторы» бөлімі ашылып, жұмыс жасайды.
Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – жастарды жат ағымның арбауынан сақтау және жастардың тәрбиесіне мән беру, осы бағытта кешенді жұмыстар атқару болып табылады.
Осы бөлімнің Шымкент қаласындағы бөлімшесінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жастарды еңбекке баулу, түрлі кереғар әрекеттер мен секталардан сақтандыру, білім алу, ата-ананы құрметтеу, отбасы мәселелері, т.б. күнделікті қажетті мәселелермен шұғылдануда.
Сондай-ақ, карантин талаптарына сәйкес, Шымкент қаласы жастарымен онлайн түрінде уағыз-насихат жұмыстары жүргізілуде. Онлайн уағыздар түрлі тақырыптарды арқау етіп, апта бойы жүргізіледі.
Мұнымен қатар, жыл сайынғы дәстүр бойынша қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көпбалалы отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі, жағдайы жоқ мектеп оқушыларына 350 дана планшет табыс етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Мешіттердің есігі уақытша жабылғанымен сауаптың есігі ашық тұрады, – демекші, карантин талаптарына сәйкес мешіттерде қайырымдылық бағыттағы жұмыстар тоқтаған емес.
Өздеріңізге белгілі, Мақтаарал ауданы мен Төлеби аудандағы су тасқынынан зарбап шеккен тұрғындарға еліміздің барлық облыстарымен қатар Шымкент қаласының төрт ауданы қалыс қалмай, бірнеше рет үлкен жүк көліктерімен азық-түлік, киім-кешек т.б. қажеті заттар жеткізілді – деп хабарлады Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, дінтанушы-теолог Мұхамеджан Естеміров.
Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Ақпарат көзі: haqjoly.kz