Шымкентте ақпараттық-насихаттық жұмыстың нәтижесінде 69 жат ағым мүшесі дәстүрлі дінге бейімделген

Шымкент қаласының орталық мешіті жанындағы жергілікті ақпараттық-насихатты топ мүшелерінің тынымсыз еңбегі мен түрлі кереғар ағымдармен жұмыс нәтижесінде 69 жат ағым мүшесі болып жүрген бауырларымыз ата дініне оралып, дәстүрлі дінге бейімделген. Оның ішінде 50 адам жеке кездесуден кейін, 19 адам абақтыда жазасын өтеушілермен өткізілген кездесулерден кейін райынан қайтарылды.

Олармен тұрақты байланыс орнатылып, әр қайсысымен жеке түсіндіру және бейімдеу жұмыстары жүргізілген.

Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы карантин талаптарына сай онлайн түрінде жүргізіліп келеді. Жат ағым мүшелерімен кездесу жұмыстарына арнайы білікті һәм тәжірибелі имамдар жұмылдырылған.

Мұнымен қатар, жат ағым мүшелерінің жетегінде еріп кетудің алдын-алу үшін 10 мыңға жуық азаматтарымызға діни сауат ашу курстары жұмыс жасады. 15 мыңға жуық кітаптар мен кітапшалар тегін үлестірілді. Жеке және жалпы кездесу жұмыстарына 100 мыңдаған адам қамтылды..

Жыл басынан бері Шымкент орталық мешіті жанынан «Имамдардың білімін жетілдіру орталығы» ашылды. Онда қаламыздағы 106 мешіттің 152 діни қызметкері қысқа мерзімді курстан өткізілді. Курс барысында ақида (сенім), фиқһ (шариғат негіздері) және Құран Кәрім негіздері пәндерінен дәріс оқылды. Сайып келгенде, жат ағым мүшелерімен бетпе-бет сөйлесу үшін діни қызметкерлердің де жан-жақты болғаны абзал. Имамдарымыз карантин кезінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін мейілінше пайдалануда.

Ғаламтордың бір пайдасы – жуырда ғана өткен қасиетті Құрбан айт мерекесінде ниет еткен азаматтарға онлайн түрінде құрбандық шалуына үлкен көмегі тиді. Олар Діни басқарма тарапынан арнайы ашылған сайтқа кіріп, қаржыларын аударып, құрбандыққа мал шалуға үлкен мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кездеседі. Мысалы, Түркия, Малайзия және Сауд Арабиясында қажылық кезінде барған қажыларымыз онлайн түрінде қаржыларын аударып, құрбандық мал шалып жатады — деп хабарлады Мұхамеджан Естеміров.

Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ақпарат көзі: haqjoly.kz